Жаңалықтар тізбегі
0

Халықтың қор нарығына деген қызығушылығын не арттырады?

Инвестиция, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.10.2022 12:48 Сурет: pixabay
Қазақстандықтар бағалы қағаздар нарығын белсенді түрде игеріп жатыр. Жыл басынан бері бөлшек инвесторлар қатары айтарлықтай толықты: тоғыз айдың ішінде елімізде жеке тұлғалардың 477 мың жаңа инвестициялық шоттары (KASE+AIX) ашылды. Осылайша олардың жалпы саны 854 мыңға дейін өсті.

«Самұрық-Қазына» қоры қоржынындағы бірнеше компанияны IPO-ға шығару жөніндегі мемлекеттің жоспарларын іске асыруға байланысты біздің азаматтарымызда инвестициялауға деген қызығушылық одан сайын артады деп күтілуде. Ал егер олардың біреуі «ҚазМұнайГаз» ҰК (ҚМГ) акцияларын жақын арада жария орналастыру жыл соңына дейін өтетінін ескерсек, акциялардың тартымдылығын және ықтимал инвестициялық тәуекелдерді қалай бағалау керектігі туралы мәселе өзекті болып отыр.

Инвестициялау құралын таңдау кезінде әлеуетті инвестор назар аударатын критерийлердің бірі – кірістілік, өйткені мұндай сатып алудың негізгі мақсаты – салынған қаражатты көбейту. Акциялар бойынша кіріс әдетте екі санатқа бөлінеді: эмитент өзінің акционерлеріне дивиденд түрінде төлейтін қаражат және акцияларды сату кезінде пайда болатын құн өсімі.

Егер қор нарығы жағдайындағы құнның өсуі бірқатар факторларға (қаржылық көрсеткіштер мен компанияның даму болашағы, экономикалық жағдай және т.б.) байланысты болса, онда кіріс алудың екінші санатын дивиденд саясаты анықтайды. Ал ол алдағы ҚМГ IPO туралы жария етілген ақпарат бойынша мұнайдың қолайлы бағасы жағдайында акционерлерге үш жыл ішінде төленетін дивидендтердің болжамды ең төменгі мөлшерін білдіреді.

Осыған байланысты ҚМГ-нің дивиденд төлем тарихына жүгіну қызықты. Компанияның 2020 жылғы дивиденд төлемдерінің көлемі 50 млрд теңгені құрады, ал биыл 20 маусымда «Қазмұнайгаз» «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Ұлттық Банкінің шешіміне сәйкес өз акциялары бойынша 2021 жылға жалпы сомасы 200 млрд теңгені құрайтын дивиденд төледі.

Бұл сандар жағдайды нақтылауға және компанияның аталған кіріс санатын қамтамасыз етуге қабілетті екені туралы қорытынды жасауға көмектеседі. Оның үстіне, ҚМГ-нің қаржылық профилі тұрақты, әртараптандырылған өндірістік активтер, жасалған елеулі инвестициялар мен қаржылық тәртіп есебінен тұрақты ақша ағымы қалыптастқан.

Бұған, бірінші кезекте, мұнай сатудан да өзге кіріс алуға мүмкіндік беретін компанияның әртараптандырылған бизнесі ықпал етеді. Екіншіден, ҚМГ жеткілікті ресурстық базаға ие және геологиялық барлаудың белсенді бағдарламасын жүргізеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген плюс ықтимал қорлары (2P) 645 млн тонна мұнай баламасын құрады, бұл 24 жылға жетеді деп бағаланады. Бұған қоса, компания жиынтық әлеуеті 8 миллиард баррельден астам мұнай баламасына бағаланатын жаңа геологиялық барлау жобаларында жұмыс істеп жатыр. Үшіншіден, ҚМГ қоржынында мұнай-газ химиясы бар және Теңіз бен Қашаған кен орындарында мұнай өндірісі артып келеді, бұл болашақта компания табысының өсуіне алып келуге тиіс.

Орналастыруға уәде етілген акциялардың тартымдылығын, сондай-ақ ықтимал инвестициялық тәуекелдерді компанияның веб-сайтын - www.kmg.kz зерттеу арқылы өз бетінше бағалауға болады, мұнда инвестициялық шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпарат «Инвесторларға» және «IPO» бөлімдерінде толық берілген. Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» сарапшылармен тілдесуге де дайын, олармен кездесулер тұрақты негізде өтеді.

Біз сарапшылардың біріне алдағы IPO-ның болашағын бағалау үшін жүгіндік. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ҚМГ акциялары жазылу кезеңінде «ыстық бәліштер сияқты» сатылып кетуі мүмкін.

«Бұл орналастыру мұнай бағасының жағдайын және компанияның әлеуетін көруге мүмкіндік беретін стратегиялық жоспарларын қадағалайтындар үшін үлкен қызығушылық тудырады», – деп бөлісті қаржыгер. «Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» қазір қажетсіз делдалдардан бас тартып, өз міндеттемелерін оңтайландырып, бизнесті дамыту бойынша жұмыс істеуде».

Инвестициялық артықшылықтардың ішінде Расул Рысмамбетов сондай-ақ ел үшін стратегиялық маңызды кәсіпорын ретінде ҚМГ ешқайда кетпейтінін және үш жыл бойы уәде етілген ең төменгі дивидендтерді өз акционерлеріне төлей отырып, міндеттемелерін орындауды жалғастыратынын атап көрсетеді.

Бұл ретте сарапшы акцияларды сатып алу депозит ретінде қабылданбауға тиіс екендігіне назар аударады.

Мен, әрине, компанияның акцияларының бағасы өседі деп ойлаймын, бірақ бұл берілген инвестициялық құралдың құнына байланысты тәуекелдерді ескеру қажеттігін жоққа шығармайды. Сондықтан, менің ойымша, бұл IPO білікті инвесторларға көбірек бағытталуы керек. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей, өтінімдер кітабын қалыптастыру кезінде сұраныс ұсыныстан асып түседі деп ойлаймын. Расул Рысмамбетов
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: