Президент қаңтарда ұсталғандардың кейбіріне неліктен рақымшылық жасалғанын айтты
Сурет: akorda.kz
16 қараша күні Алматы жұртшылығымен кездесуінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп санағандықтан, кейбір азаматтарға рақымшылық жасалғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Қазақстан халқы ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуі керек", деген Мемлекет басшысы көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайтынын айтты.
Қастаңдық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады. Бірақ, қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды.Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің пікірінше, бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам.
Өйткені кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.Қасым-Жомарт Тоқаев
Осы орайда Мемлекет басшысы қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтты.
"Қаңтар қасіреті" бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал, қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты", деп түйіндеді сөзін Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, Қазақстанның барша азаматтары – біртұтас халық, біртұтас ұлт екенін атап өтті.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript