Алматы көшелеріндегі қарды күреуге 400-ден астам техника шықты
Хабарда айтылғандай, қар жауа бастаған сәттен бастап көктайғақ құбылыстарының алдын алу үшін жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Қазірдің өзінде 152 тонна материал игерілді.
Сонымен қатар жалпы аумақтарды, тротуарларды, велосипед жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, биік және жерасты өткелдерінде қарды күреп жатыр. Барлығы 467 арнайы техника мен 1094 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Аудан әкімдіктерінде қар күреу өндірісін бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша кешке дейін қар жауады. 10-12 желтоқсан аралығында жауын-шашын болмайды.
Бұған дейін синоптиктер 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынған еді. Республиканың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуі әсерінен қар жауады. Түнде оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қалың қар түседі.