2022 жылы елімізде мүмкіндігі бар адамдарға жалпы алғанда 341 млрд теңге жәрдемақы төленді
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 538,6 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 189,9 мың адам болды.
Еңбекмин таратқан ақпаратқа сүйенсек, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өскенін естеріңізге сала кетейік.
Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 1-топ үшін – 77 889 теңгені, 2-топ үшін – 62 068 теңгені, 3-топ үшін – 42 190 теңгені құрайды.