Алматы әуежайының коммерциялық үй-жайлары мемлекет меншігіне қайтарылды
Бас көлік прокуратурасы жариялаған ақпаратқ сүйенсек, 2003 жылы "Имстальком" АҚ Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша жаңа жолаушылар терминалын салды. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңартылған терминалдың сауда алаңдарының бір бөлігі мердігерге шарт бойынша 333 млн теңге мөлшерінде қалған соманы өтеу есебіне өтті.
"Ішкі мемлекеттік аудиттің нәтижесі бойынша құрылыс салушы алдында қандай да бір берешек болмағаны белгілі болды. Әкімдікке осы объектілерге меншік құқығын қайтару үшін авиациялық көлік прокуратурасы Түрксіб аудандық сотына жауапкер А. Бақтиярқызына жалпы ауданы 1 118,5 ш.м. жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын иеліктен шығаруға байланысты барлық мәмлені жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді".Бас көлік прокуратурасы
Соттың 2022 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Сот актісі биыл 13 наурызда күшіне енді.
Бүгінгі таңда соттың шешімін орындау аясында меншік құқығын Алматы қаласы әкімдігіне тіркеу "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ бойынша, ал Әділет департаментімен объектілерді мемлекет пайдасына тікелей беру жұмыстары басталды.