Атыраудың мұнайы ғана емес, адамы да қымбат: Депутат облыс экологиясы туралы
Депутат "Атырауға қарап, мұнайлы астана деп айтудың өзі қиын" дейді. Ол облыс экологиясы туралы сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.
"Бүгінде, Атырау экологиясы апаттық жағдайда болуына байланысты халықтың өмір сүру сапасы жақсартуды қажет етеді. Облыстағы экологиялық ахуал – республикалық деңгейдегі проблемаға айналғанымен халықтың жан-айқайын еститін министрлік те, үкімет те жоқ. Жыл сайын өңірде онкологиялық аурулар белең алып, мүмкіндігі шектеулі, туабітті науқас балалар саны артып отыр". Депутат Әділ Жұбанов
Ол ашынған атыраулықтар бейбіт митингке шығып, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар мен үкіметке нақты талаптарын қойғанын да айтты. Түптеп келгенде, Атырау халқы таза ауаға зәру.
"Ғасырдан астам мұнай өндірілетін Атырауға қарап, мұнайлы астана деп айтудың өзі қиын. Тәуелсіздік алған 30 жылда Атыраудың тек донор аймақ ретінде қаралып, облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбеуі – Атырау халқына жасалған әділетсіздік деп есептеймін". Әділ Жұбанов
Осы ретте депутат Атыраудың экологиясын жақсартуды үкімет деңгейінде шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты:
1. Үкімет жауапты министрліктермен бірлесіп, Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, экологиялық коэффициент, жеңілдіктер мен өтемақылар төлеу жүйесін енгізуі қажет.
2. Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті. 2021 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясымен зауытта «Tazalyq» жобасы қабылданған болатын, алайда, зауыттың кәріздік суларын биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары жүргізілмей отыр.
"Сонымен қатар кәсіпорында қоршаған ортаға әсер ету қаупі жоғары 30-дан астам технологиялық қондырғылар бар, суды қайталама пайдалану технологиясы қарастырылмаған, бұл өз кезегінде ағынды суларды булану өрістеріне (жер асты суларының ластануы) ағызуға әкеледі. Осыған байланысты, ҚазМұнайГазға Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық аудит жүргізіп, зауытта толықтай экологиялық жаңғырту жұмыстарын аяқтау, қоршаған ортаға теріс әсерді жоюды міндеттеу қажет. Немесе зауытты қаладан көшіру мәселесі қарастырылсын. Осыған байланысты, ҚазМұнайГаз зауыттың санитарлық-қорғау аймағының шекарасын қайта белгілеу және аталған тұрғын үйлерді көшіру мәселесін шұғыл шешуі қажет". Депутат
3. Атырау облысы бойынша І санатты кәсіпорындардың атмосфераға шығарындысының шекті көрсетілген көлемдерін қайта қарап, екі есе төмендету қажет. Қазба байлықты игеріп жатқан компанияларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыратын заң нормалары енгізілуі тиіс.
4. Атырау облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру қажет. Олар: Атырау қаласында кәріздік суларды тазарту қондырғыларын салу және қайта жаңғырту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын және қоқысты қайта өңдеу кешендерін салу жобалары.
"Жоғарыда аталған ұсыныстар негізінде, үкімет деңгейінде мемлекеттік комиссия құру, үкіметке облыстағы экологиялық ахуалды толыққанды шешу жолдарын ұсынып, кешенді жоспар қабылдауды сұраймын. 30 жыл елді асырап келе жатқан Атыраудың мұнайы ғана емес, адамы да қымбат екенін естен шығармай, шұғыл шаралар қабылдауға шақырамын. Атыраулықтар болып, облыс халқының сұранысы мен талап-тілегінің орындалуын талап етеміз", - деді Әділ Жұбанов.