Батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, майдангерлер рухына тағзым етілді
Майдан даласынан қайта оралмағандарды, марқұм майдангерлерді еске алу үшін ардагерлер, тыл еңбеккерлерімен қатар, бірқатар жамбылдықтар жиналды.
Сонымен бірге іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, құқық қорғау органдары және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Жиналғандар Жеңіс үшін жанын қиған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұдан соң аймақ басшысы бастаған топ саябақтағы "Данқ" залын аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Мұнда театрландырылған қойылым сахналанып, патриоттық әндер шырқалды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Данқ" залы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ғимаратта 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Залдың 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғаларындағы суреттерде сол кезеңдегі соғыс көріністері бейнеленген. Сондай-ақ, "Рейхстагқа ту тігу" барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін суреттер де көрініс тапқан.
Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған. Шара барысында "Жамбылдық әскери құрамалар" атты жинақтың тұсауы кесілді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, 2021 жылы Байзақ ауданы әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыста ерлікпен қаза болған Бауыржан Дәуітбаев
Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталды. Облыс әкімі аталған орденді марқұмның әкесі Талғат Дәуітбаевқа тапсырды.