12 мамыр – мейіргерлер күні
Бүгінде бұл кәсіптік мереке 50-ден астам елде, оның ішінде Қазақстанда да атап өтіледі.
"Уақыт талабына сай мейіргерлердің орта медицина қызметкерлерінің емдеу процесіне қатысуы артып келеді. Олардың пациенттің денсаулығы үшін кәсіптік жауапкершілік сияқты функционалы кеңейіп жатыр. Шынында да, науқастарға барлық қамқорлықтың 80%-ын орта медицина қызметкерлері атқарады", - делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Бүгінде Қазақстанның медицина ұйымдарында 188 мыңнан астам, ауылда 54 мыңнан астам, бастапқы буын деңгейінде 65 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар болашақ орта медицина қызметкерлерін даярлаумен 91 медициналық колледж айналысады. Оның 24-і мемлекеттік және 67-сі мемлекеттік емес, 37-сі «жоғары» медициналық колледж мәртебесіне ие.
2022 жылдың деректері бойынша колледждерде 103 мыңнан астам студент оқиды, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 23 400 білім алушы оқуға түсті. Қазақстандық колледждер 9 мамандық бойынша: емдеу ісі, акушерлік іс, мейіргер ісі, стоматология, ортопедиялық стоматология, гигиена-эпидемиология, зертханалық диагностика, фармация, медициналық оптика бойынша даярлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі барлық мейіргерді кәсіптік мерекесімен құттықтады.
"Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің, табандылықтарыңыз бен көп жылдық тәжірибелеріңіздің арқасында пациенттердің денсаулығы қалпына келеді, олар сауығып кететіндіктеріне сенеді. Шалғай елді мекендердегі ауылдық мейіргерлер жаңа туған нәрестелерді патронаждаудан бастап аға буынға күтім жасауға дейінгі медициналық көмектің барлық спектрін атқарады. Әрқайсыңызға отбасылық амандық, кәсіптік өсу, сарқылмас күш-қуат пен жағымды көңіл-күй тілейміз!" - делінген министрлік хабарламасында.