Қазақ радиосында Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды
Сурет: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі
Алматыдағы Қазақ радиосының тікелей эфир студиясына Қазақстанның Халық артисі, диктор Әнуарбек Байжанбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Радио дикторының 100 жылдығына орай өткен салтанатты шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагимов, "Қазақстан" РТРК" АҚ Алматы қаласы филалының директоры Сәуле Жиреншина, радиоардагерлер Сауық Жақанова, Райхан Оразбақова, Арыс Байжанбаев, Руслана Құдайбергенова, Аманжан Еңсебаев, Тілеуберді Доспаев және Әнуарбек Байжанбаевтың ұрпақтары қатысты.
Министр Дархан Қыдырәлі радио ұжымын және Әнуар Байжанбаевтың ұрпақтарын студияның ашылуымен құттықтай келе, әйгілі диктордың ел руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз екенін атап өтті.
"Қазақтың Левитаны" атанған Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосында 50 жылдай жұмыс істеді. Оның саналы ғұмыры осы қасиетті қара шаңырақта өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Кеңес елдері Левитанның дауысымен естісе, қазақ даласына жеңіс хабарын Әнуарбек Байжанбаев жеткізді.⠀Қазақ сөз өнерінің қадір-қасиеті Байжанбаевтың қоңыр үні арқылы айшықталды. Қазақ радиосы дегенде бірден елдің есіне Әнуарбек Байжанбаевтың түсетіні сондықтан. Әйгілі диктордың ел руханиятына қосқан еңбегін дәріптеу баршамыздың ортақ парызымыз.Іс-шарада Әнуар ағамыздың ұрпақтары мен көзін көрген әріптестері, радио ардагерлерінің де жылы лебіздері мен естеліктері айтылды. Ұрпақтар сабақтастығы салтын сақтап отырған ұжымға сәттілік тілейміз!", деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript