Еліміздегі барлық мешітте алапат өрттен көз жұмған мұсылмандар рухына Құран бағышталды
Сауапты шараға еліміздің барлық өңірлеріндегі құлшылық ордалары да үн қосып, бүгін бір мезетте қайғылы оқиғада қаза тапқандардың рухына Құран бағышталды, делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Елорда төріндегі "Әзірет Сұлтан" мешітінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Құран хатым дұғасына қатысып, алапат өрт салдарынан қайтыс болған мұсылмандар рухына Құран бағыштады. Мемлекетіміздің Көкбайрағы төмен түсіріліп, күллі Қазақстан халқы қайғыға шомған азалы күнде марқұмдардардың артында қалған туыстары мен жақындарына көркем сабыр сұрап, Жаратушы Алладан жақсылық тіледі.
Сауапты шарадан соң тілшілер қауымына берген сұхбатында Бас мүфти: "Бүгін Жалпыұлттық аза тұту күнінде марқұм болған мұсылман жандардың рухына арнайы Құран хатым дұғасын бағыштадық. Алла қабыл етсін! Тілсіз жаудан қаза тапқан азаматтарды Алла мейіріміне алғай. Қиын сәтте әр азамат бірлігін танытып, өз тарапынан қолдау көрсетуде. Біз, дін қызметкерлері де күн сайын дұға жасаудамыз. Сонымен қатар ҚМДБ жанындағы "Зекет және қайырымдылық" қоры апат болған орында қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асыруда", – деп атап өтті.
Мүфтияттың Зекет және қайырымдылық қорының шұғыл көмек шотына жиналған қаржы 5 млн теңгеге жеткені де нақтыланады.