Атырау қаласы екі ауданға бөлінуі мүмкін
Сурет: primeminister.kz
2023 жылғы 16 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласын екі ауданға бөлу жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
БАҚ өкілдері Атырау халқының саны 400 мыңнан асқанын, тұрғындар қазірдің өзінде қаланы екі ауданға бөлуді ұсынып отырғанын айтты. Журналистер "Әкімдік бұл мүмкіндікті қарастырып жатыр ма, егер қаралса, қандай мерзімде атқарылады?" деп сұрады.
"Иә, бұл мәселе қаралып жатыр. Бізде Үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласын дамыту жоспары бар. Жоспарға сәйкес, халық санының өсуіне қарай әкімшілік-аумақтық құрылымды айқындау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Біз дәл қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Бізде Жайық өзені бар, ол қаланы екі бөлікке бөледі, қаланы екіге қалай бөлуге болатыны туралы белгілі бір пайым бар", – деді Серік Шәпкенов.
Дегенмен, оның айтуынша, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылданады.
"Менің ойымша, бұл жерде қала тұрғындарының пікірін ескеру қажет. Өйткені біздің қаламыз созылып кетті және қаланың бір шетінен орталыққа дейін айтарлықтай арақашықтық бар. Сондықтан біз халықтың пікірін ескеруіміз керек. Бөліп тастап, халыққа қолайсыздық тудырмауымыз керек. Сондықтан шекараға қатысты ұсынысты міндетті түрде тұрғындардың талқылауына шығарып, олардың пікіріне құлақ асамыз", – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы Атырау – Астрахань тас жолындағы көлік қозғалысы 2023 жылдың соңында ашылатынын хабарлады.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript