Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстан медицинасының даму тарихы: аурухана салуға ықпал еткен жер сілкінісі

Қазақстан медицинасының даму тарихы: аурухана салуға ықпал еткен жер сілкінісі , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.06.2023 14:37 Сурет: pixabay
Дәрігердің жұмысы пациенттерге кеңес беру және жоспарлы процедуралармен ғана шектелмейді. Бұл сондай-ақ эпидемия немесе жер сілкінісі, өрт, су тасқыны секілді табиғи апат өршіп тұрған кезде, адам төзгісіз жағдайларда ауыр жұмысты талап ететін күрделі кәсіп.

Маусымның әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Биыл Абай облысындағы өртке байланысты барлық мерекелік іс-шараларды кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Дәрігерлер аталған өрт кезінде де эвакуацияланған азаматтармен белсенді жұмыс істеді. Төтенше жағдайлар, катаклизмдер мен пандемия жағдайында медиктер жұмысының маңызы едәуір артатыны түсінікті. Коронавирус пандемиясы кезінде де бірінші болып соққы алған солар. Жалпы, ақ халатты абзал жандар қандай да бір апат, індет болмасын, алдыңғы шепте күресуге мәжбүр. 1887 жылы Верныйда болған (қазіргі Алматы) жер сілкінісі кезінде де солай болған.

Алғашқы дәрігерлер мен медициналық мекемелер

Қазақстанда алғашқы медицина қызметкерлері 18 ғасырда пайда болды, олар әскери бөлімдерде қызмет көрсетті. Дегенмен, ұзақ уақыт бойы халықты емдейтін және Қазақстан аумағында санитарлық іс-шаралар өткізетін дипломы бар дәрігерлер болмаған. Тек 1825-1826 жылдары Жәңгір хан Николай I патшадан хандықта дәрігер лауазымын орнатуға және дәріхана ашуға рұқсат алды. Халыққа медициналық көмек көрсету үшін Орынбор әскери госпиталінде қазақ жастарына арналған төрт стипендия тағайындалды.

19 ғасырдың 60-жылдарында территорияны губернияларға, уездерге және болыстарға бөлгеннен кейін уездерде дәрігер, фельдшер және кіндік шеше лауазымдары енгізілді. 70-жылдары әр ауданда дәрігерлік және фельдшерлік пункттер ашылды, ал 90-шы жылдары Дала генерал-губернаторлығының шекарасында земство (учаскелік) медицинасы енгізілді.

Жер сілкінісі медицинаның дамуына қалай ықпал етті?

1887 жылы Верныйда болған жойқын жер сілкінісінен ғимараттардың қабырғалары қирап, үйлердің төбелері мен шатырлары құлады. Статистикалық есеп бойынша, 30 мың адам тұратын қалада 1799 кірпіш ғимарат пен 839 ағаш үй қираған. Қиранды астында 332 адам қаза тапты, оның 107-сі балалар.

Жер сілкінісінен кейін бірден қайырымдылық жинақ жарияланып, "Жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек үлестіру комитеті" құрылды.

Халық арасында баспанасыз қалған және медициналық көмекке мұқтаж адамдар көп еді. Жартылай қираған әскери госпиталь пациенттерді қабылдай алмағандықтан, шұғыл түрде зардап шеккендерге арналған лагерь мен уақытша лазарет құрылды. Бірақ лагерь абаттандырылмады, эпидемия қаупін төндірді, сондықтан Верный қалалық әкімшілігінің 1887 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен қаланың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында лагерді қаланың жоғарғы бөлігіне көшіру ұсынылды.

Күзге таяу халыққа стационарлық мекеме қажет екені түсінікті болды. Гарнизон жанындағы әскери госпиталь бұрын да қала тұрғындарын іс жүзінде қабылдамаған, ал жер сілкінісінен кейін мекеме күрделі жөндеуді қажет етті.

Нәтижесінде 1887 жылдың күзінде Жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек үлестіру комитеті қала тұрғындарына екі жеке үй сатып алып, Верный қалалық ауруханасын ашты. Бұл қала тарихындағы алғашқы аурухана болатын.

Жер сілкінісінен кейін халықтың көп шоғырлануы мен жағдайдың тұрақсыздығына байланысты эпидемия пайда болу қаупі туындады. Осыған байланысты Жетісу облысы әскери губернаторы, генерал-майор Фриде 1887 жылы 9 тамызда "Тұрғындардың аулаларды, демалыс орындарын, алаңдарды, бақтарды, көшелерді үнемі тазалап отыруын қадағалау" туралы бұйрық шығарды. Дәрігерлерге көмек ретінде бір-бір әскери шенеунік бекітілді.

Қолбасшы Фрунзенің атасы шешекке қарсы екпе жасаған

Шешек ауруынан қорғану мақсатында қала мен уезд тұрғындарын вакцинациялау жұмысы кеңінен жүргізілді. Шешектің алдын алу бойынша үздік көрсеткіштер үшін генерал-майор Г.И. Ивановтың Бас штабының 1887 жылғы 1 қыркүйектегі бұйрығына қол қойылды. Онда: "Шешек ауруына қарсы екпе жасау бойынша еңбектері үшін ең жоғары күміс медальдармен марапатталады: 1. Верный мещаны Филипп Соколов, 2. Ыстықкөл уезінің фельдшері Иван Шеленин, 3. Тоқмақ уезінің аға фельдшері Василий Фрунзе", – делінген. Айтпақшы, Василий Фрунзе – кейінірек есімі қала мен көшелерге берілген революционер Михаил Васильевич Фрунзенің әкесі.

Верныйда жер сілкінісі болған жылда жедел жұқпалы аурулар тіркелді: тамызда іш сүзегі тарады, содан кейін Атлантов дәрігерінің мәліметінше, "балалар арасында өлім-жітімнің аса үлкен пайызын беретін қызамық (скарлатина) дами бастады".

Қаланың санитарлық-гигиеналық деңгейін көтеру үшін аумақты тазарту, ішінара қираған ғимараттарды жедел қалпына келтіру және жаңа үйлер салу қажет екені түсінікті еді. Осыған орай әскери губернатордың 1887 жылғы 27 қазандағы бұйрығы шықты. Онда орталық биліктің Қаржы министрлігіне қазынадан Верный қалалық кассасының кепілгерлігімен Верныйға 100 000 рубль көлемінде үйлерді жедел жөндеуге және салуға арналған несиелер бөлуді тапсырғаны хабарланды.

Қоғамдық банк пен Ломбардтың құрылуы

Верный қаласының халқына медициналық көмекті қаржыландыру мәселесі әлі де өткір тұрды. Сондықтан 1888 жылғы 9 маусымда қалалық думаның отырысында "Аурухана мен қайырымдылық үйін ұстау туралы" мәселе қайта қаралды. Қайырымдылықты үлестіру комитетінің аурухананы ұстауға 20 000 рубль, қайырымдылық үйін ұстауға 13 000 рубль және оны тұрғызуға 3 000 рубль бөлгені туралы хабарланды.

Нәтижесінде қалалық дума: "Губернатордың Қалалық қоғамдық банк пен ломбард құру туралы ұсынысын қабылдау, оған аурухана мен қайырымдылық үйіне бөлінген соманы салу. Қайырымдылық үйіне Верный қаласының тұрғындарын ғана емес, орын болған жағдайда уақытша келгендерді де қабылдау" туралы қаулы шығарды.

1889 жылы үрей мен эпидемия қаупі әлі де сақталып тұрды. Верный қалалық дәрігері А.С. Кузьмицкий шешек ауруының пайда болу мүмкіндігіне алаңдап, 1889 жылғы 3 қаңтарда қалалық басқармаға табанды түрде рапорт жолдап, "Шешек ауруымен күресу үшін бірнеше тегін екпе жасау пунктін ашып, ол туралы қала бойынша жариялау керек" деп ұсынды.

Әртүрлі диагнозы бар науқастар көп болды, осыған орай қалалық басқарманың шешімімен пациенттерді жеңіл арбамен аралау үшін Верный дәрігері А.С. Кузьмицкийге 25 рубль бөлінді.

Әр дәрігерге бір фельдшерден

1889 жылғы ақпанда Верныйда қызамық эпидемиясы қайта өршіді. Әскери губернатордың 1889 жылғы 16 ақпандағы шұғыл бұйрығымен Верный қалалық басқармасы жанынан Санитарлық комитет құрылды. Оған барлық қызамық жағдайларының пайда болуын бақылау және дәрігерлерге хабарлау тапсырылды. Полиция күзет жүргізу кезінде қызамық жағдайларының пайда болуын анықтауға міндеттелді. Осыған байланысты эпидемия кезінде полиция құрамын 15 адамға арттыру туралы шешім қабылданды. Қызыл Крест қоғамынан қаланың ең кедей тұрғындарына жеке дәріханадан дәрі-дәрмек беру түрінде көмек сұралды.

1889 жылғы 28 ақпанда қалалық басқарма "халықтың әл-ауқаты төмен бөлігіне дәрі-дәрмектерді тегін таратуға" рұқсат берді. Қала дәрігерлері эпидемиямен күресу үшін учаскелерге бөлінді. Бірақ, эпидемия тарала бергендіктен, Санитарлық комитеттің шешімі бойынша, әр дәрігерге бір фельдшерден тағайындалды.

Қызамық ауруынан өлім-жетім көрсеткіші елеулі болып қала берді. Жаз мезгілі жақындап, басқа да эпидемиялардың таралу қаупі туындады. Қалалық басқарма тұрғындарды шаһарды тазарту бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарды мұқият орындауға міндеттейтін шешім шығарды.

ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында Верный қалалық ауруханасының кейінгі жылдардағы жұмысы туралы мәлімет аз. Дегенмен, аурухана 1908 жылы жаңа ғимарат тұрғызылғанға дейін ұзақ уақыт қызмет етті. Медициналық мекемеде емделгені үшін артықшылықты топтан (ауқатты) тәулігіне 50 копейка, ерекше артықшылғы жоқтардан 25 копейкадан, дәрі-дәрмектерге 3 копейкадан ақы алынды. Алайда, әл-ауқаты төмен науқастардың едәуір бөлігіне медициналық көмек тегін көрсетілді.

Болашақта Верный қаласының медицинасы белсенді дамыды. Жаңа есімдер мен тарихи тұлғалар пайда болды. 1900 жылы Пішпектен Верныйға орыс әскери дәрігері, археолог, этнограф және антрополог, қырғыз және қазақ фольклорын зерттеуші, алғашқы қазақ-орыс сөздігін құрастырушы Федор Поярков көшіп келді. 2015 жылы Алматыда "Лайықты верныйлықтар мен тамаша алматылықтар" электронды энциклопедиясы жарық көріп, онда Поярковқа мақала арналды. Ол 16 "лайықты верныйлық" тізіміне енді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: