Қазақстан православтары мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Митрополит қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Қазақстанның дәстүрлі діндер мерекелері бұрыннан қоғам өміріне берік еніп, мәдениеттің бір бөлігіне айналғанын, өмірімізді көркейтіп, халқымыздың тарихи жолын рухани мазмұнмен толтырғанын атап өтті.
"Олар адамдардың жүрегінде жақсылыққа, мейірімділікке деген ұмтылысты оятады, жанашырлық пен жақыныңа қамқорлық жасауға үйретеді. Ғасырлар бойы Ұлы Даланы мекендеген жетекші конфессиялардың ізбасарлары бүкіл әлемге бауырластық пен өзара сыйластық мәселелерін айғақтап келді", – дейді митрополит Александр.
Сондай-ақ Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлік пен келісім туралы сөздерінен үзінді келтірді.
Сурет: АПН
"Жалпыұлттық бірлік – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ", – деді ол.
Құрбан айт мерекесінің бірінші күні митрополит әрбір мұсылман отбасында бейбітшілік, қонақжайлық пен махаббат рухы орнауын тіледі.
"Мұсылмандар мен христиандар арасындағы ізгі қарым-қатынас біздің ортақ Үйіміз – берекелі Қазақстандағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін", – деп атап өтті Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы.
Сондай-ақ ол Бас мүфти мен еліміздің барлық мұсылмандарына денсаулық, бейбітшілік және Отан игілігі жолындағы игі істерде береке мен табыс тіледі.
Митрополиттің құттықтауына Алматыдағы Вознесенск соборының кілтшісі, протоиерей Александр Суворов та қосылды.
"Мұсылман бауырларды Құдайға адалдық танытудың осы бір салтанатты күнімен құттықтаймын! Құдайға деген сенім біздің өмірімізді түрлендіреді және кез келген қатігез жүрекпен ғажайыптар жасай алады. Құрбан Айт қабыл болсын!" – деді діни қызметкер.
Сурет: АПН
Сонымен қатар, діни қызметкер Елисей Кукеев еліміздегі мұсылмандарды қазақ тілінде құттықтады.
"Қазақстанның мұсылман халқын Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр отбасыға береке мен бақыт әкелсін! Көпұлтты және көп конфессионалды ортақ үйіміз – Қазақстанда әрқашан ынтымақ, достық, келісім болсын!" – деді ол.