Ұлттық банк маусымдағы биржалық аукциондарда неге 240 миллион доллар сатып алды
Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,26 теңгеге дейін 1%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 144 млн АҚШ долларынан 122 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен ай ішінде шамамен 288 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында өз бетінше сатуды жалғастыруда. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін валюталық түсімді сатудың міндетті үлесі 50%-дан 30%-ға дейін төмендейді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Баспасөз қызметі
Маусым айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату 550 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 21%-ын және күніне 29 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді көрсетті. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін маусымда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 240 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 9%-ын құрады. Ұлттық Банк маусымда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
"Шілде айында Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Қажетті трансферттер сомасы бойынша Қаржы министрлігінің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде Ұлттық Банк шілдеде Ұлттық қордан 550 млн АҚШ долларынан 600 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр. Шілдеде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 200 млн АҚШ долларынан 250 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтілуде." Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Баспасөз қызметі
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толықтай ашып көрсететін болады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.