БҚО-дағы бір ауылда адамдар түсініксіз жағдайда "жаппай көз жұмып жатқаны" рас па
Жазба авторы Facebook-тегі парақшасында Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылында соңғы 10-15 күн ішінде оншақты арыстай, шауып жүрген азаматтар аяқ астынан дүние салғанын, көбісі белгісіз жағдайда, диагнозы анықталмаған күйде өмірде озғанын, олардың көпшілігі 50-ге толмаған жастар екенін жазады.
"Бұл жағдай қалайша ешкімді алаңдатпайды? Облыс орталығынан 600 шақырым жерде тұрамыз, жол жағдайымыз нашар. Осыған орай да болар, медициналық тексеруден тыс қалып жатқанымыз. Ауылда мал қырылды десе, тексеру, оңалту жұмыстарын жүргізеді, ал адамдардың белгісіз өлімі ше...", делінген шындық іздеп шырқыраған жазбада.
Алайда денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды "Мой город" басылымы. Сарапшылар жазбадағы статистика толығымен шындыққа сәйкес келмейтінін нақтылайды.
2022 жылдың осы кезеңінде аталған ауылда 13 адам қайтыс болған.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова 2023 жылдың басынан бері бұл ауылда 14 адам қайтыс болғанын және өлімнің себептері анық екенін айтады.
"Біреуінде ұйқы безінің қатерлі ісігі, екіншісінде асфиксия болды, тамақтану кезінде тұншығып қалған. Тағы біреуі Атырауда қайтыс болған. Тағы біреуі Ресейде тұрып жатқан, наурыз айында ауылға келеді. Жол апатынан тағы бір адам қаза тапты, оның бас сүйегі сынған. Үшеуі жүректің созылмалы коронарлық артерия ауруымен ауырды. Біреуінде бауыр циррозы болды, екіншісі қан қысымы мен қант диабетімен есепте тұрған, үнемі дәрі-дәрмек қабылдайтын. Алайда ол дәрігердің ұсынымдарын орындамаған, оның үстіне алкоголь тұтынысынан кейін облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді, емделіп жатты, бірақ 30 маусымда медициналық мекемеде қайтыс болды". Айгүл Құлбарақова