Қандай өнімдер тұтынғаннан кейін алкогольдің иісі шығады?
Қазақстандық нутрициолог Ксандра Силантьенің айтуынша, бұл бос сөз емес, шұбат ішіп немесе кәмпит жегеннен кейін де алкотестерде промилле көрсету ықтималдығы бар.
Тіпті, апельсин жеген адамнан да алкогольді тексеруден оң нәтиже шығуы мүмкін.
"Үнемі көлік жүргізетіндерге ашуы мүмкін кез келген өнімнен аулақ болған жөн. Бұл санатқа барлық ашытылған сүт өнімдері, соның ішінде йогурт, қымыз кіреді. Сондай-ақ жолға шығар алдында ашытқы квасы мен біраз уақыт сақталған шырындарды да ішпеген дұрыс", – деп кеңес береді Силантье.
Бұдан бөлек, ментолды мұз кәмпиттер, аса пісіп кеткен банандар, қара нан мен кофе де жүргізушіге қиындық тудыруы мүмкін.
"Қазір көбінесе сублимацияланған кофе сатылады. Одан қауіп жоқ. Алайда, табиғи дәнді кофе туралы айтатын болсақ, оны ішкеннен кейін талдауда кофеиннің шамадан тыс мөлшері көрсетілуі мүмкін", – дейді маман.
Алкогольдік масаюға тексеріс алдында шегілген темекі де промилле көрсете алады. Құрамында спирт бар кез келген кондитерлік өнім де осындай әсер береді. Бірақ, ең сорақысы, кейбір сарапшылардың айтуынша, көкнәр қосылған кез келген піскен нандар сізді маскүнем ғана емес, сонымен қатар нашақор етіп шығаруы да мүмкін.
"Бұл жерде көкнәрға қарағанда, тоқаштың зияны көбірек. Себебі, қазір барлық жерде термофильді ашытқы қосылады. Олар тіпті, 1000 градуста да өзінің ашыту қасиетін жоғалтпайды. Асқазанға түскеннен кейін бұл процесс жалғаса береді", – деп атап өтті нутрициолог.
Әрине, бір тоқаш пен бір стақан айраннан үлкен қауіп болмайды. Дегенмен, сенімді болу үшін тамақтанғаннан кейін бірден жолға шықпай, бір-екі сағат күте тұрған дұрыс.
"Мәселен, сіз таңертең ашытқы тоқашын жедіңіз, айран немесе шырын іштіңіз. Түсте – ферменттелген сәбіз салаты, бір кесе қою кофе. Кешке шұжық пен қара нан және йогурт іштіңіз делік. Қауіп тудыратын ештеңе жоқтай көрінеді, бірақ тексеру кезінде бұл өнімдер жағымсыз нәтиже беруі мүмкін", – дейді Ксандра Силантье.
Егер сіз шынымен де алкогольді ішімдік ішпей, заң алдында таза болсаңыз, алайда, алкотестер промилле бар екенін көрсетсе, қан құрамында алкоголь бар-жоғын тексеруді талап етіңіз.
Дегенмен, қандай да бір қолайсыз жағдайға тап болғыңыз келмесе, көлікпен жолға шығар алдында тұтынуға болмайтын өнімдердің тізімін білгеніңіз абзал:
- ашытқы квасы – 0,6 промиллеге дейін көрсетуі мүмкін;
- алкогольсіз сыра – 0,4 промиллеге дейін;
- құрамында спирт бар кәмпиттер мен дәрі-дәрмектер – 0,1 промиллеге дейін;
- ментолды мұз кәмпиттер – 0,4 промиллеге дейін;
- ашыған шырын, ашытылған сүт өнімдері және ашуға бейім барлық өнімдер – 0,3 промилле;
- апельсин – 0,2 промилле;
- қара нан, аса пісіп кеткен банан – 0,1 промилле;
- құрамында спирт бар кондитерлік өнімдер – 0,4 промиллеге дейін;
- жидектер – 0,2 промиллеге дейін;
Бұл орайда, заңнамаға сәйкес, елімізде бұрынғыдай промилленің рұқсат етілген шегі жоқ екенін атап өткен жөн. Жүргізушінің жай-күйі туралы қорытынды арнайы құралдар мен тәсілдерді қолдана отырып, кешенді тексеру негізінде шығарылатынымен, ешкім өз уақытын полиция мен медициналық мекемеде өткізгісі келмейтіні анық. Сондықтан, нутрициолог көлік жүргізу алдында тамақты таңдап жеуге кеңес береді.