Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді заңдастырғаннан кейін көлік апаты артуы мүмкін екенін ескертті
Журналистер бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстан жолдарында күн сайын 10 адам, жыл сайын 2 мыңға жуық адам қаза табады деп хабарлағанын еске салды. Ол Қазақстанда тозған шетелдік көлікті заңдастыруға мүмкіндік берілгенін айта келе, "Бұл Қазақстанда көлік апаты қаупін тудырмай ма? Тозған шетелдік автокөліктерді заңдастырғаннан кейін көлік апатынан қаза табатындар саны артпай ма?" деп сұрады.
"Қазақстанда көлік апаты жоғары деңгейде екенін мойындаймыз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жүргізушілердің дайындығы. Екіншіден, автокөліктердің техникалық жағдайы. Үшіншіден, автожолдар мен инфрақұрылымның жағдайы. Осының бәрі көлік апатына тікелей себеп болып отыр", - деп жауап берді Қайсар Сұлтанбаев.
Ол акция аясында Қазақстанда 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік заңдастырылғанын айтты. Алуан түрлі көлік заңдастырылғанымен, олардың орташа жасы 10-15 жыл екен.
Қайсар Сұлтанбаев апаттар саны жөнінде өзекті статистикалық мәліметтер келтірді.
Мәселен, оның айтуынша, егер 2022 жылдың алты айында Қазақстанда жол-көлік оқиғасы салдарынан 947 адам қаза тауып, 8 117 адам зардап шексе, биылғы жылдың осы кезеңінде 916 адам қаза тауып, 6 762 адам түрлі жарақат алған.
13 шілдеде Ішкі істер министрлігі Қазақстан 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік көліктерді заңдастырмайтынын хабарлады.