Серік Күдебаевқа елден қашқаны үшін қосымша жаза берілді
Алматы облысы Кеген аудандық сотында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кетуіне қатысты іс қаралды. Үкімді судья Әсем Елемес шығарды. Ол адвокаттың Күдебаевқа айыппұл салу туралы өтінішін қолдамай, одан да ауыр жаза – қосымша мерзім тағайындады.
"Сот істің барлық материалдарын зерттеді. Серік Күдебаевтың заң бұзып, Қазақстан шекарасын қасақана кесіп өткені анықталды. Осылайша қамауға алынған соң елге экстрадицияланды. Сондықтан алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасына қосылады". Судья Әсем Елемес
Бұған дейін Серік Күдебаевтың адвокаты соттан генерал-майорға елден қашқаны үшін 1000 АЕК-ке дейін (3 миллион теңгеден астам) айыппұл салуды сұраған болатын.
2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды. Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік" үшін айыпталып жатқанын хабарлады. Серік Күдебаевтың өзі оқиғаның өзіндік нұсқасын ұсынып, қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін айтты.
Сәуір айының басында ол сотқа келмей, елден қашып кеткен (алдымен Қырғызстанға, кейін Түркияға), содан кейін оған халықаралық іздеу жарияланған. Бір ай өтпей жатып Серік Күдебаев Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Серік Күдебаев 10 жылға сотталды, бірақ ол апелляциялық шағым түсірді.
Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы облысы полиция департаментінің басшысы қызметін атқарды. 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарындағы қызметінен өз еркімен кетті.