Шымкент қаласы мен Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментін уақытша кімдер басқаратыны белгілі болды
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрықтарына сәйкес:
- Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы (Мадияр Жақсыбаев – ред.) болмаған кезеңде басшының міндеттері басшының орынбасары Кәрімбаев Жәнібек Тұрлыбекұлына жүктелді;
- Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы болмаған кезеңде (Бауыржан Ізбасаров – ред.) басшының міндетін атқару басшының орынбасары Жуков Игорь Евгеньевичке жүктелді.
Ал Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы болмаған кезеңде бір-бірін алмастыратын лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес төрағаның міндетін атқару төрағаның орынбасары Титов Дмитрий Анатольевичке жүктелді.
2023 жылғы 20 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасын, сондай-ақ Шымкент қаласы және Жетісу облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің басшыларын ұстағаны белгілі болды. Олар кәсіпкерлерден өрт қауіпсіздігі саласындағы меценаттық қызметі үшін жүйелі түрде пара алды, тексерілетін ұйымдарды шарт жасасу арқылы олардың қызметтерін сатып алуға мәжбүрледі, сондай-ақ олардың ақысын уақтылы төлеуді қамтамасыз етті деген күдікке ілінді. Пара сомасы 100 мыңнан 4 миллион теңгеге жуық болған.