Жетісу облысында су тасқыны жағдайы тұрақталды

Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында 4 ауланы су басқан. Оқиға орнына 19 қызметкер мен 6 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда арық жүйесін тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу облысы ТЖД Кербұлақ ауданы Сарыөзек-Көктал тас жолы бойында 9 шақырым жерде орналасқан цемент өндіру бойынша "Alacem" ЖШС зауытының аумағын су басу туралы ақпарат түскен жоқ.
"Алайда, әлеуметтік желіні шолу кезінде қызметкерлер қар еріп, егістіктерден аққан қызыл су зауыт аумағын басқаны туралы бейне орналастырылғанын анықтады. Ұйымның күштері мен құралдарымен еріген суды бұру шаралары жүргізілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Зауытқа да зақым келген жоқ, - деді Игорь Жуков.
Оның сөзінше, Алакөл ауданының Қабанбай және Жайпақ ауылдарында да аула аумақтарын су басу салдары жойылды. Далаға жеке құрамнан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ескелді ауданында қардың тез еруі мен арық жүйесінің тазаланбауы салдарынан Жалғызағаш ауылының маңындағы жолды су басты. Құтқарушылар шұғыл түрде оқиға орнына барып, арналарды тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргізді. Еріген су Биғаш өзеніне транзиттік режимде өтеді.
"Қазгидрометтің дауылды ескертуіне сәйкес, жауын-шашын болжамына, сондай-ақ 2023 жылғы 6-8 наурыз аралығындағы кезеңде температуралық фонның жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі күтіліп отыр. Жетісу өңірінде еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі, судың төгілуі мен су басуы мүмкін, - деп айтты ТЖД өкілі.
Ол сөз соңында Жетісу өңіріндегі су тасқыны жағдайы бақылауда екенін жеткізді.