Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07 Сурет: pixabay
Ежелгі заманнан бері планетамызды мекендеген жыртқыштар отрядының ең әдемі өкілдерінің бірі – жабайы мысықтар. Елімізде осы жануарлардың бірнеше түрі бар. Өкінішке орай, олардың барлығы дерлік жойылып кету алдында тұр.

Соңғы зерттеулер көрсеткендей, барлық мысықтар бір тұқымның бөлігі болып табылады. Қазіргі қаңғыбас мысықтардың да, өткен жылы Қазақстанда іздері табылған әйгілі қылыш тісті мысықтың (смилодон) да, бүгінде тірі және жойылып кеткен ірі мысықтардың да бір тұқымнан шыққаны белгілі болды.

Жалпы, мысық тұқымдастары ішінде жабайы мысықтардың 41 түрі бар. Қазақстанда солардың сегіз түрі мекендейді: дала мысығы, қамыс мысығы, сабаншы, шағыл мысығы, сілеусін, қарақал, қар барысы, қабылан – оларды ыстық шөлдерден мұзды тауларға дейінгі әртүрлі табиғи аймақтарда кездестіруге болады.

Ірі мысық тұқымдастарына келетін болсақ, Қазақстан аумағында жарты ғасыр бұрын Тұран жолбарысын кездестіруге болатын. Ол ХХ ғасырдың ортасына қарай жойылып кетті.

Билік Алматы облысында жолбарыстар популяциясын жандандыру бағдарламасын іске қосты. Дегенмен, мысық тұқымдастары өкілдерінің Тұран жолбарысының тағдырын бастан кешуі мүмкін екеніне жіті көңіл бөлінбеуде.

Қар барысы

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07

Сурет: pixabay

Оңтүстік және Орталық Азия тауларын мекендейтін қар барысы немесе ілбіс Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылады. Ол біздің еліміздің ғана емес, халықаралық Қызыл кітапқа да енгізілген. Әртүрлі есептерге сәйкес, планетада 3920-дан 6390-ға дейін қар барысы бар. Бірақ бұл мәліметтердің болжалды екені белгілі, себебі бұл жануарлар таулы аймақтарда жасырын тіршілік етеді.

Қазақстан әлі күнге дейін қар барысы мекендейтін 13 елдің тізіміне кіреді. Соңғы онжылдықтарда бұл жануарлардың популяциясы айтарлықтай азайды: егер өткен ғасырдың 80-жылдарында түрлі есептер бойынша шамамен 180-200 ілбіс болса, бүгінде олардың саны 140-180-ге дейін азайған. Біртіндеп жойылудың негізгі себептері – браконьерлік және жануардың мекендейтін жерлеріндегі адамдардың шаруашылық қызметі.

Қазақстанда 11 ұлттық қорық пен саябақ аумағында қар барысы мемлекет тарапынан қорғалады. Сондай-ақ елімізде "Қар барысын сақтау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары" және "Қар барысын сақтау стратегиясы" әзірленді, оның шеңберінде түрлі ғылыми зерттеулер, заңнамаға түзетулер және халыққа арналған ақпараттық-ағарту іс-шаралары қарастырылған.

Бірақ табиғатты қорғау саласындағы барлық әрекеттерге қарамастан, оның терісінің бағасы қара нарықта аса құнды болуына байланысты браконьерлер қар барысын өлтіруді жалғастыруда. Қазіргі таңда жануарға жойылу қаупі төнуінің басты себебі де осыда.

Сабаншы

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07

Сурет: pixabay

Жабайы мысықтардың ең кішкентай өкілдерінің бірі – сабаншы. Оның жүні – мысық тұқымдастарының арасындағы ең қалың және мамық.

Сабаншы Орталық Азияны мекендейді, оның саны тез азайып келеді, ал кейбір жерлерде, тіпті, жойылып кету алдында тұр. Қазақстанда сабаншының таралу аумағы Маңғыстаудан Шығыс Қазақстан облысына дейін созылады, жануар Алматы, Үстірт және Алакөл қорықтарының аумағында қорғалады. Қазіргі уақытта елімізде сабаншының популяциясы туралы нақты ақпарат жоқ, алайда, біздің ауданда олар өте аз қалғаны белгілі.

Бұл жыртқыштардың Қазақстанның Қызыл кітабына енуінің басты себебі – адами фактор. Біріншіден, 1976 жылға дейін оларды атуға тыйым салынбаған еді, соның салдарынан сабаншылар өздерінің керемет жүндері үшін көптеген аңшылардың құрбанына айналды. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 30-50-ші жылдарында Солтүстік Тянь-Шаньда, Жоңғар Алатауының батыс және шығыс жоталарында, Жезқазған және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ республиканың батыс облыстарында бұл мысықтар белсенді түрде ауланды.

Екіншіден, ХХ ғасырдың ортасында Қазақстанда тың жерлерді игеру, жайылымдарды кеңейту, сондай-ақ сабаншылардың негізгі қорегі болып табылатын тышқандар мен шақылдақтарды жаппай жою басталды. Бұл олардың популяциясына елеулі соққы берді.

Бүгінде бұл жануарларға браконьерлерден де қауіп төнуде. Сабаншылардың көлемі үй мысықтарымен шамалас, ерекше жүнімен, түсімен және сары көздерімен ерекшеленеді. Жабайы жануарларды асырайтын адамдар арасында оған сұраныс жоғары. Мысалы, сабаншы мысығының қара нарықтағы құны бір жарым миллион теңгеге дейін бағаланады.

Қарақал

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07

Сурет: pixabay

Ұзақ уақыт бойы сыртқы ұқсастығына байланысты құмды немесе қызыл-қоңыр жүні бар бұл сымбатты мысықтар сілеусіндерге жатқызылды. Бірқатар генетикалық ерекшеліктердің табылуына орай ғалымдар оларды бөлек тұқымға бөлуге мәжбүр болғанымен, қарақалға "дала сілеусіні" деген екінші атау берілді.

Африканың кейбір елдерінде қарақалдар зиянкестер болып саналады және оларды еркін аулайды. Бірақ Азияда жергілікті түрлерінің аздығына байланысты, керісінше, мемлекеттік деңгейде қорғалады.

Қазақстанда Маңғыстау облысының аумағында қарақалдардың сирек кездесетін түркімендік кіші түрлері мекендейді, олардың елдегі популяциясы бірнеше ондаған ғана. Бұрын дала сілеусіндері Солтүстік Қызылқұмда да болған, бірақ 1968-1969 жылдардағы қалыптан тыс аязды қыстың нәтижесінде бұл аймақты мекендеген қарақалдардың көп бөлігі жойылып кетті. Бұл жыртқыштардың популяциясына төмен температурадан бөлек, олардың рационының негізін құрайтын кеміргіштер мен құм қояндарының азаюы да кері әсер етеді. Тағы бір жағымсыз фактор – браконьерлік: қара нарықта тірі қарақал үшін 2 миллион теңгеге дейін төлеуге дайын.

Бүгінде мысық тұқымдастардың бұл түрі Үстірт қорығында, сондай-ақ Маңғыстау облысыны аумағындағы Ақтау-Бозашы және Қарақия-Қаракөл қорықшаларында қорғалады.

Қамыс мысығы

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07

Сурет: unsplash

Бүгінде қамыс мысығы Алдыңғы, Кіші, Орта Азия мен Закавказьеде мекендейді. Сонымен қатар, бұл Қазақстан аумағындағы саны жағынан ең аз жабайы мысықтардың бірі болуы мүмкін. Республикада бұл жыртқыштардың популяциясы туралы болжалды мәліметтер де жоқ, бірақ жылуды жақсы көретін бұл тіршілік иелерінің тек елдің оңтүстігінде кездесетіні белгілі.

Соңғы онжылдықтарда адами фактордың әсерінен елдегі батпақты және шөлді аймақтардың азайып бара жатқандығынан, қамыс мысықтарының өмір сүруіне қолайлы жерлер де сәйкесінше азаюда. Жануар "Алтынемел" ұлттық паркінің аумағында қорғалады. Соңғы жылдары қара нарықта қамыс мысықтарына, әсіресе олардың марғауларына сұраныс жоғары екені байқалуда.

Қамыс мысықтары үй мысықтарына өте ұқсас болғанымен, олардан едәуір үлкен және күшті, сондай-ақ олар ұзын аяқтарымен, қысқа құйрығымен ерекшеленеді.

Шағыл мысығы

Қазақстанда жабайы мысықтардың бес түрі жойылу алдында тұр, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2023 17:07

Сурет: freepik

Бүгінгі таңда шағыл мысықтарын жабайы мысықтардың ең кең тараған түрі деп атауға болады: олардың әлемдегі популяциясы бірнеше ондаған мыңды құрайды, ал таралу аймағы Сахарадан бастап, Араб түбегі арқылы өтіп, Орталық Азия елдерінің бір бөлігін қамтиды және Пәкістанға дейін жетеді. Алайда, Қазақстанда жабайы мысықтардың бұл түрі де Қызыл кітапқа енген.

Шағыл мысықтары Қызылқұм шөлінде және шығыс Каспий маңындағы құмды аймақтарды мекендейді, бірақ жасырын тіршілік ететіндіктен, адамдармен сирек кездеседі. Бұл жануарлар Үстірт қорығында, сондай-ақ Ақтау-Бозашы мемлекеттік табиғи қорықшасында қорғалады.

Шағыл мысықтары – жабайы мысықтардың ең кішкентай өкілдері. Олардың тағы бір ерекшелігі – тұмсықтары кең және құлақтары үлкен.

Бұл жыртқыштардың саудасы заңсыз болып табылады, алайда браконьерлер қара нарықта сауда жүргізу үшін жануарларды аулауды жалғастыруда. Қазақстанда шағыл мысықтары популяциясының азаюына әсер ететін тағы бір фактор – қыста азықтың жеткіліксіздігі. Қар мен қалың мұздың астынан кеміргіштерді аулау оларға қиынға соғады. 1953-1954 және 1968-1969 жылдардағы қақаған қыс Қызылқұмда шағыл мысықтарының жаппай қырылуына себеп болған еді.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: