12 миллион 882 мың теңге: Алматы облысында екі жігіт банкоматтағы ақша ұрлаған
14 тамызда сағат 13:42-де Қарасай ауданының полиция бөліміне 1988 жылы туған А. есімді азаматша сағат 08:00 шамасында медициналық маска таққан бейтаныс адамдар Алмалыбақ ауылында орналасқан банкоматтан 12 миллион 882 мың теңге көлеміндегі ақшаны ұрлағанын айтып, арыз түсірген.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. А. есімді екі күдікті ұсталды. Олар 1998 және 1999 жылдары туған, Қаскелең қаласының тұрғындары болып шықты.
Олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында ұрланған ақша түріндегі заттай дәлелдемелер алынып, іс материалдарына қоса тіркелді.
Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындалған. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр.