Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 26 тамызға дейін ұзартылды

қорғаныс министрлігі, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.08.2023 21:15 Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Осы көктемде мерзімді әскери қызметін өткеріп, запасқа шығарылған азаматтардан жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттар қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

16 тамыздағы жағдай бойынша азаматтық жоғары оқу орындарына 2022 жылғы көктемгі әскерге шақырылған 498 сарбаздан құжат келіп түскен. Оның 158-і ЖОО есебінен тегін оқуға, 340-ы түсу емтихандары мен ҰБТ нәтижелерін тапсырусыз ақылы негізде оқуға арналған.

ЖОО-ға түсу үшін құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады. Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 26 тамызға дейін ұзартылды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери мамандықты игеруді ұйғарған жастарға еліміздің әскери жоғары оқу орындарының біріне түсуге бірегей мүмкіндік беріліп отыр.

Құрлық әскерлерінің әскери институтында әскери істегі менеджмент бағыты бойынша мотоатқыштар, танк, десанттық-шабуылдау, барлау, зымыран әскерлері мен артиллерия командирлері дайындалады. Логистика бағыты бойынша курсанттар материалдық-техникалық, тылдық, азық-түлік, заттай қамтамасыз ету және зымыран-артиллериялық қару-жарақ мамандықтарын меңгеріп шығады. Сондай-ақ "Әскери істі инженерлік қамтамасыз ету", "РХБ-Әскери істегі қорғау", "Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс" бағыттары бойынша оқыту ұйымдастырылды.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында радионавигация, радиотехника және инжиниринг, Автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, Ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылады.

Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты "Әуе кемелерін ұшу арқылы пайдалану", "Авиациялық техника және технологиялар" бағыты бойынша мамандар даярлайды. Сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің базасында әскери дәрігерлерді даярлау жүзеге асырылады.

Әскери университетті бітіргеннен кейін түлектер жоғары білім туралы диплом алады. Оларға "лейтенант" алғашқы әскери атағы беріледі.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: