Түркістан облысының тұрғыны көршісінің телефонын ұрлағанымен қоймай, онлайн несие рәсімдеген
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, егістікте жүрген кезінде Samsung телефонын белгісіз біреу ұрлап, ондағы банк қосымшасы арқылы 200 мың теңге онлайн несие рәсімдеп алған.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") бойынша тіркелді.
Полицейлер ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің жақын көршісі болып шықты.
Анықталғандай, жәбірленуші көрші әйелмен егістік алқабында бірге болған. Күдікті әңгімелесу барысында оның қараусыз жатқан телефонын байқатпай ұрлап алған. Сол аралықта көрші әйел ұрлық жасағанымен қоймай, телефондағы банк қосымшасы арқылы онлайн несие рәсімдеп үлгерген. Ал жәбірленуші телефонының жоғалғанын үйіне келгенде ғана білген.
Тәртіп сақшылары қолды болған телефонды айғақты зат ретінде тәркілеп, иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.