Ішкі істер министрі Шымкенттегі мектептердің қауіпсіздік жүйесін тексерді
Министр мектептердің бірімен байланысқа шықты. Оқу ордасында дабыл жүйесі іске қосылса, сигнал бірден полицияға түседі.
Шымкентте 246 мектеп бар, оның 151-і - мемлекеттік. Ондағы бейнекамералар саны 2 600-ден асады. Министр департаменттің жаңа басшысына оларды толығымен полицияға шығарып, осы бағыттағы жұмысты жетілдіруді тапсырды.
"Мектептер мемлекеттік, жеке меншік деп бөлінбей, толығымен жедел басқару орталығына шығарылуға тиіс. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет. Полиция департаментінің басшысына бірінші кезекте осы жұмысты қолға алуды тапсырдым. Сонымен қатар оқу орындарының маңындағы жол инфрақұрылымын, жаяу жүргіншілер өткелінің бар-жоғын, мектеп автобустарының жай-күйін тексеруді жүктедім".Марат Ахметжанов
Сондай-ақ ведомство басшысы жеке құраммен кездесіп, полицияға жүктелген міндеттерді еске салды. Қызметкерлердің де, азаматтардың да тарапынан заңсыздық пен бассыздыққа жол берілмеу қажет екенін баса айтты.
Жұмыс сапарының соңында Марат Ахметжанов министрліктің Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына барды. Ол мұнда әр өңірден білігін арттыруға келген жас полицейлермен жүздесті.
Орталықтың аумағында жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа арналған үй-жай мен алаң салынбақ. Мұнда ведомство басшысы жауынгерлерге жасалатын жобамен танысты.