Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер саны қанша
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы Ажар Ғинияттың төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау жүйесінің жаңа сын-тегеуріндерге дайындығы және ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимылдың одан арғы шараларын айқындау талқыланды. Кеңеске халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, медициналық жоғары оқу орындарының, өңірлік психикалық денсаулық орталықтарының, жеке оңалту орталықтарының өкілдері қатысты.
"Бірқатар шетелдік ғылыми зерттеулерге сәйкес, әлемде лудоманияның таралуы жер шарындағы ересек тұрғындардың шамамен 3%-ы деп бағаланады, шамамен 12,5%- ы үнемі ойнайды. Сонымен қатар лудоманияның клиникалық өлшемшарттары бар адамдардың тек 8%-ы өздерін құмар ойындарға тәуелді адамдар деп санайды. Қазақстанға математикалық моделдеу кезінде құмар ойындарға тәуелділікпен байланысты проблемаларды мойындайтын адамдардың саны шамамен 36 мың болды", – делінген хабарламада.
Министр тәуелділік профилактикасының ұлттық жүйесінің (химиялық және химиялық емес) жобасын дайындауды тапсырды, оның шеңберінде бірқатар іс-шаралар іске асырылмақ. Тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсету стигмасын төмендету мақсатында олардың есеп саясатына өзгерістер енгізіледі.
Ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы клиникалық хаттамалар, емдеу стандарттары, медициналық көмек көрсету сапасы жеке наркологиялық орталықтарда да қолданылуға тиіс.