Тоқаев "ЭКСПО Орталық Азия – 2023" көрмесіне барды
Қазақстан алаңында металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика, құрылыс индустриясы, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және басқа да салалар бойынша 130-дан астам кәсіпорынның өнімдері қойылған.
Сурет: akorda
Қазақстан экспозициясын көруге келгендер тыңайтқыш, алюминий және зергерлік бұйымдар, медициналық жабдықтар, космос аппаратының макеттері, компьютерлер, телекоммуникациялық қондырғылар, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, құрылыс материалдары, киім-кешек, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар және басқа да көптеген отандық өнім түрлерімен танысты.
Сурет: akorda
Көрме қонақтары отандық BARK Technology компаниясы әзірлеген жиілігі 20-320 Гц виброакустикалық толқын арқылы өкпені емдеуге арналған VibroLUNG бірегей қазақстандық медициналық аппаратына ерекше назар аударды. Бүгінде бұл аппаратты Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Беларусьтің, Панаманың, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Сингапурдың жетекші клиникалары сатып алған.
Көрмеге отандық өнім өндірушілер шығарған 40-тан астам көлік, оның ішінде 20 жеңіл автокөлік, 10 ауыл шаруашылығы техникасы, 7 арнаулы техника, 2 автобус және бронды әскери машиналар қойылды.
Сурет: akorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық павильон экспозицияларымен танысу барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстанның атынан отандық QazTechna компаниясы құрастырған мектеп оқушыларына арналған автобус және VibroLUNG медициналық жабдығының 3 жиынтығын сыйға тартты.
Сурет: akorda