Тоқаев Словения президентімен келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Словенияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
"Мен сізді Қазақстанға сапармен келуге ресми түрде шақырамын. Келесі жылы маусым айының ортасында елімізде Астана халықаралық форумы өтеді. Онда саясат және экономика мәселелері талқыланады. Биылғы маусым айында өткен форум өте табысты болды. Өзге мемлекеттердің басшылары, премьер-министрлері, сондай-ақ көптеген трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен бірге Сіз де аталған форумның негізгі спикерлерінің бірі боласыз деп үміттенемін". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттер Қазақстан мен Словенияның сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ әңгімелесу барысында фармацевтика, логистика және IT индустриясы салаларындағы өзара байланыстардың оң тәжірибесіне назар аударылды.
Словения Президенті Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады.
"Ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым мүмкіндік бар. Біздің елдеріміз арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Мен де Сізді елімізге арнайы сапармен келуге шақырамын". Наташа Пирц-Мусар
Тараптар халықаралық мәселелер бойынша да пікір алмасты. Атап айтқанда, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, БҰҰ құрылымын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары Орталық Азия мен Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Президенттер халықаралық құрылымдар аясында өзара тығыз қарым-қатынас жасау жөнінде уағдаласты.