Украинадағы соғыс, аштық, Әділетті Қазақстан: Тоқаев БҰҰ 78-сессиясының жалпы дебатында не айтты
Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың дебатта сөйлеген сөзін жариялады.
"Бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті. Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді.
Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді. Осында жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты. Дегенмен біз БҰҰ-ның 80 жылдығына таясақ та, Ұйымның алғаш құрылған кезіндегі жағдайға қайта оралуға сәл қалдық. Шын мәнінде, саяси мәселелерді күшпен шешу тұйыққа тірейді. Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы.
Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды.
Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көпшілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздың ең үлкен қажеттілігі. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.
Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама.
Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы. Біз бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін. Өз кезегінде COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында біздің дәрменсіз екенімізді көрсетіп берді. Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастауға үндейді.
Біз Бас хатшы ұсынған "Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.
Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын. Қазақстан – өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет. Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз.
Бізге даму құқығын қамтамасыз ете отырып, жаһандағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін жаңа бағамдар керек. Ол үшін Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары мен ережелеріне негізделген ашық, анық әрі инклюзивті көпжақты сауда жүйесі қажет. Сонымен қатар бізге жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің анағұрлым мінсіз жүйесін құруды ойластырған жөн. Былтыр дүниежүзі халқының 10 пайызға жуығы аштықпен бетпе-бет келді. Өндіріс көлемін және азық-түлік тауарларының экспорты мен импортын қоса алғанда, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ақпаратпен еркін алмасу ісін жандандыру қажет. Біз халықаралық қауымдастықтың азық-түлік дағдарыстарына төтеп беру шараларын қаржыландыруына ашық мониторинг жүргізуді бірлесіп қамтамасыз етуіміз керек.
Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағдары Шығыс пен Батыс арасындағы өзара қатынастарды едәуір нығайта алады. Бұл көлік бағдары маңызды нарықтар арасындағы сауда қарқынын ұлғайтып, теңіз жолымен жүк тасымалдауға кететін уақытты екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік береді.
Климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі жедел шараларды қабылдау қажеттігі таптаурын әрекетке айналып кету мүмкін. Бірақ бұл – қауіпті үрдіс. Себебі қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру үшін тез арада, тиімді және трансформациялық қадамдар қажет. Бұл ретте қатер, ең алдымен, Орталық Азияға төніп тұр. Тіпті 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеміз.
Климат жөніндегі Париж келісімі аясында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, біз барлығымыз көміртегісіз келешекке ұмтылысымыздан айнымауымыз қажет. Климат мәселесін сауда және инвестициялық ынтымақтастықты шектейтін шаралар үшін пайдаланбау керек. Керісінше, біз БҰҰ айқындаған Климат өзгерісімен күрес жөніндегі оң шаралар сияқты нәтижелі өзгерістерге баса мән беруге тиіспіз. Мұнда "жасыл" экономикаға негізделген жұмыс орындарын ашуға инвестиция құю, қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату және климаттағы өзгеріске қарсы күрес әрекеттерінің барлық деңгейінде әділеттілікті, инклюзивтілікті және әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету шаралары қамтылады. Алайда тиісті қаржыландыру болмаса, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды. Осыған орай біз Қазақстанда әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын (Just Energy Transition Partnership) іске қосуды ұсынамыз.
Көмірді пайдаланудан кезең-кезеңімен, орнықты және әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып бас тарту климаттың өзгеруіне қарсы күреске арналған жаһандық мақсаттарға жетуді едәуір ілгерілетер еді. Алматыда Орталық Азия үшін климат өзгерісі мен жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашу жөніндегі Қазақстанның бастамасы осы мәселелерді шешуге ықпал ете алады. Біз 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді жоспарлап отырмыз.
Біздің аймақтағы су тапшылығынан трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындап отыр. Мұндай жағдай бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін. Сондықтан біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планетамыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасындағы тіршілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Каспий теңізі де суының тартылуы, су арналарының бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек.
Қазақстан Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтасты одан әрі нығайтуға ниетті. Біздің аймақ халықаралық қауымдастықтың "біртұтас әрі дербес" бөлігі ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дамудың жаһандық процестеріне өз үлесін қоса алады. Бақытымызға орай, экономикалық белсенділік артып келеді. Соңғы бес жылда өңір ішіндегі тауар айналымы екі есе өсіп, 10 миллиард АҚШ долларын құрады. Біздің аймақтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе – Ауғанстан. Ол тұрақты, өркендеген мемлекетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек. Осы орайда Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашатын уақыт келді. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің барлығын біздің осы бастамамызды қолдауға шақырамын.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар жөнінде қысқаша мәлімет беруге рұқсат етіңіздер. Жаһандық, аймақтық және геосаяси мәселелерге қарамастан, біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр. Қысқа мерзім ішінде біз билік институттарын реформалап, Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Саяси және экономикалық жүйені қайта қарап, жемқорлыққа қарсы күресті жандандырдық. Соңғы екі жыл ішінде елімізде көп іс атқарылды. Осы уақыт аралығында азаматтарымыздың, әсіресе жастарымыздың менталитеті едәуір өзгерді. Президенттің мандаты 7 жылдық мерзіммен бір рет сайлану құқығымен шектелді. Аталған ұсыныс қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты. Бұл қағидат келешекте де өзгермейді. Біз "Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет" қағидатын берік ұстанамыз.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар жөнінде қысқаша мәлімет беруге рұқсат етіңіздер. Жаһандық, аймақтық және геосаяси мәселелерге қарамастан, біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр. Қысқа мерзім ішінде біз билік институттарын реформалап, Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Саяси және экономикалық жүйені қайта қарап, жемқорлыққа қарсы күресті жандандырдық. Соңғы екі жыл ішінде елімізде көп іс атқарылды. Осы уақыт аралығында азаматтарымыздың, әсіресе жастарымыздың менталитеті едәуір өзгерді. Президенттің мандаты 7 жылдық мерзіммен бір рет сайлану құқығымен шектелді. Аталған ұсыныс қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты. Бұл қағидат келешекте де өзгермейді. Біз "Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет" қағидатын берік ұстанамыз.
Бұл реформалардың түп негізінде әділдік, теңдік, адалдық және еркіндік қағидаттары жатыр. Менің пікірімше, кез келген жағдайда заң үстемдігін сақтау бәрінен басым тұруы қажет. Саяси реформалар мен адами капиталды дамытуға жұмсалатын инвестиция ғана экономикамызды әлдеқайда мықты әрі тұрақты ететінін жақсы түсінеміз.
Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдер мен қыздардың құқықтарын және мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан едәуір ілгеріледі. Біз әйелдерге, жастар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға партиялық сайлау тізімдері бойынша сайлану үшін 30 пайыздық квота енгіздік. Бұл олардың еліміздегі саяси өмірге әлдеқайда белсенді және тең дәрежеде араласуына мүмкіндік береді.
Жуырдағы Жолдауымда, ең алдымен, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа экономикалық саясатты ұсындым. Біз Үкіметтің қолдауымен еңбек етіп, елдің орнықты дамуына және оның халықаралық форумдағы көшбасшылық позициясына өз үлесін қосып жүрген жастарға қамқорлық көрсетеміз және оларды жоғары бағалаймыз. Өскелең ұрпақтың денсаулығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы саналады.
Мен елімізді баянды болашаққа жетелейтін жастарға зор сенім артамын.
Елімізде және шетелдерде кемел келешек үшін аянбай еңбек етеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізінде жатқан бірлік пен ұжымдық ықпалдастық рухын жаңғыртайық! Жарқын әлем құруға деген ортақ мақсатымыз біздің әралуандығымыздан әрдайым биік тұруға тиіс екенін есте ұстайық.
Қазақстан жарқын, әділетті және орнықты әлем құру ісінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын".