Абай облысындағы Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды
Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Оған себеп ауыл тұрғыны сібір жарасына шалдыққан деген күдікке ілінген, деп жазады qazaqstan.tv.
Науқастан тиісті анализдер алынып тексерілген. Алайда "сібір жарасы" деген болжам расталмады. Соған қарамастан Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия халық қауіпсіздігі үшін, жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдаған.
"Облыстық ветеринария басқармасы және де аудандық ветеринарлық станция аурудың шығуын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Материалдар алынды зерттеуге. Лабараторияға тапсырылды." Ержан Барышев, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы
Қазір Жетіжар ауылының кіре берісіне санитарлық бекет орнатылған. Мамандар "сібір жарасы" ауру малдың етінен, жүнінен, ластанған тағамдар мен ауызсудан жұғуы мүмкін деп отыр. Сол себепті елдімекеннен ауылшарушылық өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылған.