Жәмішев "Қазақстан халқына" қоры жөнінде: Біз бәрін бірдей шетелге емделуге жібере алмаймыз
Ол Қор құрылғалы бері халықтан шетелге емделуге жіберу туралы өтініш көптеп түскенін атап өтті.
"Бір жағынан қиын жағдай, бірақ біз бәрін бірдей шетелге жібере алмаймыз. Сондықтан осындай өтініштерді ала отырып, біз екі тәсілді белгілеп алдық. Біріншіден, сөз балалар жөнінде ғана болып отыр, өйткені ересектерді қарастырмаймыз. Егер ол онкология емес болса және Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті органының оны қажет деп санап, емдеу бағдарламасын, емхананы анықтап, бірақ белгілі бір себептермен қаржыландыра алмағандығы туралы қорытындысы болса, біз бұл жағдайда көмектесіп, жібереміз", – деді Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, қор 20 баланың шетелдік емханаларда емделуін қаржыландырған. Біреуін Кореяға арнайы рейспен емделуге жіберген, себебі бала қарапайым рейспен жете алмайтын жағдайда болған.
"Онкология бойынша, республикалық онкологиялық орталықтардан "бұл қызмет біздің елде көрсетілмейді" деген қорытынды болса, біз оны шетелге жібере аламыз. Бірақ бұл тек қатерлі ісікке шалдыққан балаларға арналған. Көбіне диагноз қойылады, ата-анасы баласын алып кетіп қалады, ақшасы таусылғанда Қорға жүгінеді. Бірақ, біз шетелге бәрін жібере алмаймыз, тек біздің елде қатерлі ісіктің бұл түрін емдеу мүмкін болмаса және басқа әдістер қажет болса", – деп түсіндірді ол.
Осы жағдайларды ескере отырып, қор отандық онкологиялық медицинаны дамыту жөнінде шешім қабылдапты. Атап айтқанда, Қор барлық онкологиялық орталықтарды заманауи құрал-жабдықтармен, бұрын елімізде қолданылмаған екінші және үшінші қатардағы дәрі-дәрмектермен жабдықтауды өз міндетіне алды.
"Дәрігерлерді оқыту да бар. Бірақ бұл жерде мынаған назар аударғым келеді, өтінімдер жиі келеді, "Көптен бері оқымап едік, жіберіңізші" дейді. Біз "жоқ" деп жауап беріп, "барсаңыз, елімізде не өзгереді?" деп сұраймыз. Кейде бұл сұрақтың жауабы табылып, біз оларды шетелге жіберіп жатамыз. Бірақ көбіне тәсіл мынадай: "көптен бері оқымаған едік, оқыту керек", – дейді Болат Жәмішев.
Жалпы, Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы қазақстандықтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған 40-тан астам қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын қаржыландырады. Қордың бағдарламалары еліміздің барлық аймақтарында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып іске асырылады.