Қазақстанның төрт қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін
Алматы, Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар белең алады деп күтіледі.
Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) - атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тымырсық, желдің болмауы, тұман, инверсия) жиынтығы. ҚМЖ пайда болған кезде елдімекендердегі атмосфералық ауа сапасының нашарлауы мүмкін.
Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі - синоптикалық жағдайдың болжамы (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы).
Қолайсыз ауа райы жағдайында мына шараларды сақтаған жөн:
- ашық ауада, әсіресе тас жолдың немесе басқа ластану көздерінің бойында болу уақытын қысқарту қажет;
- балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуы керек;
- өкпенің созылмалы ауруларымен, жүрек-қан тамырлары, аллергиясы бар адамдар ашық ауада болған кезде өздерімен бірге дәрі-дәрмектерін бірге алып жүруі керек;
- ашық ауада физикалық белсенділікті шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану жабық спорт кешендерінде жүргізілгені дұрыс.
Бұған дейін синоптиктер жексенбіде Қазақстанның барлық өңіріне қатысты ауа райы болжамымен бөліскен болатын.