Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеген – ҚР ДСМ
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елімізде денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады.
"2023 жылдың 7 айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7,4%-ға төмендеді. Сәби өлімі 10%-ға азайған". Ажар Ғиният
Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын сақтаудағы негізгі шаралардың бірі - алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін ұтқырлық пен қолжетімділік тұрғысынан түбегейлі қайта қарастыруды тапсырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта елімізде медициналық көмектің 57%-ын мемлекеттік амбулаториялық-емханалық ұйымдар, 43%-ын жекеменшік ұйымдар көрсетеді.
"Амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды, ол ДДҰ ұсынған 60% деңгейіндегі жалпы көлемнің 56%-ын құрайды. Жан басына шаққандағы норматив жылына бір тұрғынға 15 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, орта есеппен 1 тұрғынға шаққанда КТС – 1 565 теңгені құрады", – деді Денсаулық сақтау министрі ОКҚ алаңында өткен брифингіде.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, амбулаториялық деңгейде қаржыландыру ұлғайды.
Үш жыл ішінде консультациялық-диагностикалық көмек көлемі жеті есе, қымбат тұратын КТ-қызметінің қолжетімділігі тоғыз есе, МРТ алты есе өсті. Үстіміздегі жылдың 6 айында 200 млн-нан астам консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар, жалпы практикадағы дәрігер алдындағы кезекті төмендету үшін медбикелердің науқасты қабылдау бойынша функциясы кеңейтілді. Жалпы практикадағы дәрігер алдына бармай-ақ мамандардың қабылдауы үшін жағдайлар жасалды, ал онкологиялық ауруға күдік келтірілген науқастар үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы тексеру процедуралары жеделдетілді.
Қазақстан халқына жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі қолжетімді. Олардың ішінде - ағзаларды трансплантациялау, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, жалпы хирургиялық және басқа да медициналық көмектер. Сондай-ақ ел азаматтары үшін ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді.