Ақмола облысында дәмханада мас қонақ даяшымен жанжалдасып, ыдыстарды сындырған
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері қатты мас күйінде өзін агрессив ұстаған, дәмхананың басқа клиенттеріне құрметсіздік көрсетіп, балағат сөздер айтқан, даяшымен жанжалдасқан және мекемеге тиесілі ыдыстарды сындырған ер адамды анықтады. Залал сомасы белгіленіп жатыр.
Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. 32 жастағы құқық бұзушының жергілікті тұрғын екені анықталды, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адам қатты мас болған.
Полиция бөлімі осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Естеріңізге сала кетейік, осы баптың санкциясымен бұзақылық, яғни бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы көрінетін қоғамдық тәртіпті бұзу – 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не түзеу жұмыстарымен, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.