Шымкентте жыл сайын 10 мыңға жуық адам интернет алаяқтарының құрбаны болады
Мұндай деректі экономикалық тергеп - тексеру департаменті келтіріп отыр. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында мегаполис жастарының қатысуымен "Әділетті Қазақстан: экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі" акциясы өтті, деп жазады qazaqstan.tv.
Жыл басынан бері Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 13 қылмыстық топтың ісі әшкере болды. Олардың ісі қазір сотта қаралуда. Анықтау, іздестіру, тергеу жұмыстары аяқталғанымен, алаяқтардың арбауына түскендер әлі де табылып жатыр.
"Қаржы пирамидасына ақша салған адамдарды зерттесек, негізгі бөлігі мұғалімдер, медицина қызметкерлері, әйел адамдар. Біреулері несие алып, қаржы пирамидаларына құйған." Комилхон Ысмайлов, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы
Интернет алаятық: құмар ойындарға бәс тігу, онлайн несие рәсімдеу, лудомания. Оңай олжа іздегендер қаржы пирамидасынан бөлек осындай істердің де жиі құрбаны болады. Құқық қорғау органдары ұйымдастырған арнайы акция барысында 2 мыңдай азаматқа түсіндіру жұмысы жүргізілді. Олардың арасында жастар да бар.