Батыс Қазақстан облысында жастар форумы өтті
Жас ұрпақтың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін арттырып, жастарды қоғамдық сананы жаңғырту үдерісіне тартуға бағытталған іс шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық және қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары ұйымдастырды. Көк туды желбіреткен жастар патриоттық әндер шырқап, Атамекен өнер ордасын әдемі әсерге бөледі.
Жастар форумына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, жастарға қолау көрсету мемлекеттің басты ұстанымының бірі екенін атап өтті.
Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Былтыр Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, "Республика күні – еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы қажет. Әрине, Тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қалады. Бірақ тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек" деді. Содан бері екінші жыл Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өтіп келеміз. Қазіргі таңда жастар игілігіне атқарылып жатқан істер аз емес. Биылғы жылы жастарды қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар кешенді шаралар жоспарланып, жастар саясатын іске асыру үшін облыс бойынша 216,8 млн қаражат бөлінді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде жастарға арналған жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118,2 млн тенгеге 26 жоба мақұлданды. Биыл 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 119 млн тенге қарастырылған. Бүгінгі таңда 176 жасқа несие берілдіНариман Төреғалиев
Салтанатты шарада белсенді, шығармашыл жастар қоғамдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және бұрыннан бар бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында өңірдің бірқатар жастарына "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты ұсынылды.
Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта
кетейік, Батыс Қазақстан облысында жастар өңір халқының 19 пайызын құрайды. (БҚО-да 14 пен 35 жас аралығындағы 187 635 жас
бар: қалада – 104 685, ауылда – 82 906). Белгілі болғанындай, жастардың тұрғын
үй мәселсін де кезең-кезеңімен шешу мақсатында Отбасы банкімен келісімдер
жүргізілуде. Алдағы уақытта облыс жастарына арнайы тұрғын үй бағдарламасын ашу жоспарланып отыр.