Орал қаласында «Ақжайық жас дарыны-2023» атты облыстық форум өтті
Форумға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев түрлі үйірмеге қатысатын оқушылардың жеткен жетістіктерімен танысып, оқушылармен сұрақ-жауап алмасты. Одан соң халықаралық, республикалық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарының жобаларын мұқият тыңдаған өңір басшысы оқушылардың ізденіп, алға мақсат қойып, жоғары жетістікке жеткеніне риза болды.
Форумға білім бәсекесінде оқ бойы алда жүрген Ақ Жайық өлкесінің дарынды оқушылары жиналды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев дарынды ұл-қыздарды жоғары жетістіктерімен құттықтады.
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі
Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты мақсат - республиканың интеллектуалды әлеуетін сақтау және қазақстандық жастардың қабілетін ескеріп, зиялы қауымды дайындау. Болашағы бар жастарға қамқорлық жасау – ежелден келе жатқан дәстүр. Таланттар - іздесе таптырмайтын ұлттың рухани байлығы. "Жас келсе - іске" деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Еліміздің болашағы, мемлекетіміздің діңгегі - жас жеткіншектер. Ал олардың әр жетістігі - ата-ана үшін үлкен қуаныш! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде әлемдік стандарттар деңгейіндегі білімнің қолжетімділігі - ұлт пен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, бүгінгі және ертеңгі өмірде азаматтардың әл-ауқаты, елдің тұрақты және қарқынды дамуы білім беру жүйесінің қызметі қаншалықты жақсы жұмыс істейтіндігімен, жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамытудың тиімділігімен байланысты екенін айтты. Сондықтан облысымызда білім саласына ерекше назар аударылады. Жыл сайын жаңа білім нысандары пайдалануға беріліп, материалдық-техникалық жағынан нығаюда. Биылдың өзінде өңірде 27 мектеп бой көтермек. Әрбір жас жеткіншектің дарыны мен талантын ашу үшін мемлекет бар жағдайды жасайды. Өз білімін, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға тырысатын жастарға қолдау көрсетеді.дәл қазір дарынды, талантты оқушылардың өсіп келе жатқанын көріп, сіздердің керемет жобаларыңызды тыңдап мен қуанып тұрмын. Сіздерге тек сәттілік тілеймін, - деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі
Бұл күні бірнеше жеңімпаз оқушы облыс әкімінің алғысхатымен, диплом, медальдармен және сертификатпен марапатталды. Олардың қатарында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада І орын иегері Гафарова Камила, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада ІІ орын иегері Халиуллин Мадияр, 2-4 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары "Зерде" республикалық конкурсы ІІ орын иегері Асылбек Жанерке және басқалар бар. (барлығы 52 оқушы (56 жүлделі орын): 25 жүлдегер республикалық олимпиада, 31 жүлдегер ғылыми жобалар, конкурстар)
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі
Форум аясында "Сәби" қорының 27 000000 –ға сыйға тарту еткен жаңа үлгідегі "Робототехника" кабинетінің ашылу рәсімі өтті. "Робототехника" үйірмесіне 100-ден астам бала қатысуда.
Салтанатты шарадан соң, дарынды балалар облыс әкімімен естелік суретке түсті.
Сурет: БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі