Алматыда Олжас Сүлейменовтің мерейтойына орай халықаралық форум өтті

Олжас Сүлейменов, мерейтой, Алматы, халықаралық форум  , сурет - Zakon.kz жаңалық 26.05.2026 19:15 Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Алматыда көрнекті ақын, қоғам қайраткері, "Невада–Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына арналған "Өз жерінің елшісі" атты VII халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс-шараға Қазақстан, Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және басқа да елдерден келген мәдениет, ғылым және әдебиет қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Форумның пленарлық отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтап, оның ұлттық мәдениетті дамытуға және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға қосқан айрықша үлесін атап өткенін жеткізді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Сүлейменовті мерейтойымен құттықтап, шығармашылығы мен азаматтық ұстанымын жоғары бағалады. Президентіміз атап өткендей, Олжас Сүлейменовтің өмір жолы — Отанға адалдықтың, жоғары азаматтық ұстанымның және жалпыадамзаттық құндылықтарға берік болудың жарқын үлгісі. Еліміздің тарихында ақындық қуат, ғылыми ізденіс, азаматтық батылдық пен халыққа адал қызмет секілді қасиеттерді бір бойына тоғыстырған тұлғалар көп емес. Олжас Сүлейменов – сондай сирек жаратылған қайраткерлердің бірі. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік руханияттың да жарқын құбылысына айналды. Бірнеше буынның дүниетанымын қалыптастырып, ұлттық намыс пен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін бойға сіңірді", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Аида Балаева, Алматы, Олжас Сүлейменов, мерейтой, халықаралық форум, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.05.2026 19:15

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар Аида Балаева форумның "Өз жерінің елшісі" деп аталуы жазушының өмірлік миссиясын айқындай түсетінін атап өтті. Бұл атау Қазақстанның үнін биік мәдениет, кемел ой және гуманистік жауапкершілік тілімен жеткізген тұлғаның болмысын айқын танытады.

Премьер-министрдің орынбасары Олжас Сүлейменовтің әдебиет пен кино саласының дамуына қосқан зор үлесіне де кеңінен тоқталды. Алпыс жылдан астам уақытқа созылған шығармашылық жолында жазушының еңбектері көптеген елдің әдеби және интеллектуалдық кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның кітаптары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, Қазақстанда, Ресейде, Францияда, Италияда, Түркияда, Еуропа мен Орталық Азия елдерінде жарық көріп, кеңінен таралды.

Бұған дейін жазушының қазақ және орыс тілдеріндегі 10 томдық шығармалар жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартқан болатын. Аида Балаева бұл жұмыстың мерейтой жылы да жалғасатынын атап өтті. Жыл соңына дейін "Олжас Сүлейменов. 90 лет" және "Аз и Я" фотоальбомдарын шығарып, кейін оларды еліміздің барлық көпшілік кітапханасына тарату жоспарланып отыр.

Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы әдебиет пен ғылыми ой аясымен ғана шектелмейді. Оның еңбегінде кинематографияның да орны ерекше. 1966 жылы Сүлейменовтің сценарийі бойынша режиссер Шәкен Айманов "Земля отцов" фильмін түсірді. Бұл туынды отандық киноның алтын қорына енді және оны 4 миллионнан астам көрермен тамашалады. Кейін Олжас Сүлейменовтің сценарист ретіндегі есімі "Зима – не полевой сезон", "Последний переход", "Примите Адама!", "Махамбет", "Жангир" фильмдерімен байланысты болды. Кино арқылы оның жер, руханият, тарихи жауапкершілік туралы ойлары жаңа көркемдік өлшемге ие болып, кейінгі буын көрермендеріне жақындай түсті.Форум аясында жазушының қайта басылып шыққан "Аз и Я", "Посол своей земли", "Ол жас – он молодой", "Закон Осириса: древнеказахский язык и культурное наследие человечества – новые историко-лингвистические открытия Олжаса Сулейменова" кітаптары, "Введение в Олжасоведение" оқу құралы, "Книга поэм" жинағы және басқа да еңбектері таныстырылды.


Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: