Таразда бұрымдылар байқауы өтті
Шараның ашылуында Тараз әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз алып, ізгі тілегін білдірді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи шешімімен былтырдан бері азаттыққа алғашқы қадам болған Республика күнін кең көлемде атап өтеміз. Биыл да ұлттық мерекені ұлықтайтын ұлағатты шаралар легі жалғасып жатыр. Бүгінгі "Қыздарға әсемдік жарасады" атты бұрымды қыздар байқауы – осының айқын көрінісі. Халқымыз қызды әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Сондықтан да бүгінгі байқаудың тағылымы терең, мәні зор", - деп Дәуір Рысбайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сурет: Тараз әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мен қазақтың қызымын дара туған", "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің", "Білікті қыз", "Қыз өссе - елдің көркі" сынды кезеңдерден тұрған байқаудың қорытындысы бойынша Дәмира Мейірқұл (Тараз инновациялық көпсалалы колледжі) 1-орынды, Қарақат Мейрамбек (М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) 2-орынды, Бифаруза Балтабай (Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты) 3 орынды еншіледі.
Сондай-ақ, Әлия Өмірзақ (№29 орта мектеп) "Нәзік қыз", Бибімарьям Нұрадинова (М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) "Сымбатты қыз", Медина Жұмабек (Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия) "Инабатты қыз", Саида Байсейіт (Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия) "Сүйкімді қыз", Азиза Алзада (Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі) "Шырайлы қыз" номинацияларымен марапатталды.
Сурет: Тараз әкімдігінің баспасөз қызметі