Алматыдағы жаңбыр: тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады
Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының хабарлауынша, судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету, ықтимал су басудың алдын алу және жою мақсатында 46 патрульдік бригада, 165 бірлік арнайы техника, 26 мотопомпа және 684 жұмысшысы жұмылдырылды. Су басуы мүмкін орындарды қоршау үшін шамамен 2 мың қап құм дайындалды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел кезекшінің ақпараты бойынша су тасқыны тіркелген жоқ.
Түнгі уақытта 114 бірлік арнайы техника, 23 мотопомпа және 115 адам жұмыс істеуге шығады деп жоспарланған.
Аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
"Қазгидромет" РМК болжамынша, Алматыда түнде тұман түсіп, 1-2 мм-ге дейін жауын-шашын болуы мүмкін. Желдің екпіні 2-7 м/с болады. Түнде ауа температурасы +4...+6 градус, ертең күндіз жауын-шашынсыз +14...+16.