Көзді емдеуге бөлінетін субсидия: Қазнетте тағы бір жалған ақпарат тарап жатыр
Хабарландыруда субсидия алу үшін үш сұраққа жауап беру керек екені жазылған. Содан кейін сілтеме көзді онлайн тексеру бетіне апарады. Онда пайдаланушылар жасын көрсетіп, көру қабілетінің ықтимал ақауы тізімінен элементтерді таңдап, экранда қозғалатын кескінге қарап сынақтан өтуі керек. Осыдан кейін көз тамшыларын сатып алуды ұсынатын жарнамалық мәтін пайда болады. Сонымен қатар жарнамада мұны Қазақстан ғалымдары әзірлегені және сатып алудағы жеңілдік Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен мүмкін екені көрсетілген.
"Берілген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп жоққа шығарды ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Stopfake.kz мамандары субсидиялар туралы хабарландыруда оның жалған екенін көрсететін белгілер бар екенін айтты.
Біріншіден, министрліктің аты да қате жазылған: "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі" емес, "ҚР Денсаулық бөлімі".
Екіншіден, жарнама мәтінінде бұл тамшы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы деп көрсетілген Алмазбек Исманқұловтың қатысуымен жасалғаны айтылған. Негізі, офтальмолог-хирург, профессор Алмазбек Исманқұлов Бішкекте тұрады және жұмыс істейді. Оның ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне еш қатысы жоқ.
Осылайша, қазақстандықтарға көру қабілетін емдеуге субсидия төлейтіні туралы таралып жатқан хабар жалған. Алаяқтар немесе жосықсыз сатушылар көз тамшыларын сату туралы күмәнді жарнамалардың артына жасырынған болуы мүмкін.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әлеуметтік төлемдер туралы жалған ақпарат тараған еді.