Жаңалықтар тізбегі
0

Көріпкелдік пен сәуегейліктің қандай қаупі бар

Көріпкелдік пен сәуегейліктің қандай қаупі бар, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.11.2023 17:57 Сурет: pxhere
Бүгінгі дамыған заманда таро, кофе ұнтақтары және карталармен бал ашу ақылға қонымсыз көрінгенімен, әлі де танымал болып отыр. Тағдырды болжауға және болашақты білуге деген сұраныс әлі де жоғары. Оның сыры неде және қандай зияны бар?

Қазіргі "заманауи" көріпкелдер бұрынғылардан айтарлықтай ерекшеленеді. Көбінесе бұл психологиядан хабары бар жас, өте пысық қыздар. Олар клиенттерінің ауырған жерлерін дөп басып үйренген.

Сондай-ақ бүгінгі балгерлердің әдіс-тәсілдері де біршама өзгерген, олар өздерінің көріпкелдік әрекеттерін енді интернет арқылы, экранның ар жағында отырып-ақ жасай береді. Тіпті, қазіргі цифрландыру заманы кез келген талғамға сай түрлі көріпкелдердің көбеюіне қатты әсер етті.

Бұлардың қатарына жұлдыздар мен сандар арқылы тағдырды көретіндер де қосылды. Мұндай мамандар болжамдарының дәлдігін жалған ғылыми фактілермен дәлелдеуге тырысады, мысалы, планеталардың орналасуына байланысты белгілі бір энергияларға сүйенеді. Сіз оларға тәуліктің кез келген уақытында сұрақ қоя аласыз, байланыс мессенджерлер арқылы, ал төлем банк карталары арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, олар сізді жақын арада қандай оқиғалар күтіп тұрғанын, қаржы ағынын қалай ашуға болатынын айтып береді.

Интернеттегі көріпкелдердің танымалдығы аясында құмалақтарын жайып, болашақты болжап беретін апалар да ешқайда кеткен жоқ. Кейбір адамдар көріпкелге бір рет жүгінген соң, кейіннен қайта-қайта баруды әдетке айналдырып, оның пікіріне тәуелді бола бастайды. Психологтар мұндай іс-әрекетке арнайы анықтама береді.

"Адамда психологиялық қорғаныс механизмі іске қосылады. Алда болатын оқиғалар туралы білгенде, біз оған дайындала аламыз. Бізді не күтіп тұрғанын түсіну ми үшін үнемді, белгісіздік жағдайында өмір сүру өте қиын.

Сәуегейліктің қауіпті тұсы – мидың мистикалық тәжірибе арқылы бізге ұсынылған барлық ақпаратты шындық ретінде қабылдауы. Ми өзін осы оқиғаларға әзірлей бастайды, сыни ойлауды және нақты не болып жатқанын ұғынуды тоқтатады. Көріпкелдің айналасында әртүрлі сиқырлы заттар неғұрлым көп болса, айтылған сөздері де соғұрлым беделді бола түседі", – дейді психолог және психотерапевт Виктория Левина.

Оның пікірінше, өз өмірлері, әрекеттері және олардың салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын емес адамдар көріпкелдердің ықпалына көп түседі. Ондай адамдар өздерінің ерік-жігерін дамытпаған және өмірде көп нәрсе адамның өзіне байланысты екенін түсінбейді.

"Саналы адам барлық жауапкершілікті мойнына алып, мәселелерді өзі шешеді. Ал мұндайға үйренбеген адамдар өмірлері белгілі бір жоспармен анықталған кезде өздерін жайлы сезінеді.

Менің ойымша, сәуегейлікке деген зиянды құмарлықтың белгілі бір диагнозы жоқ, ондай әдет адамда ғасырлар бойы болған. Психофизиологиялық деңгейде адамға өзінің қай жерде екенін және қайда бара жатқанын түсіну тиімдірек. Өйткені, бұл мидың жұмысын жеңілдетеді және өміріңізді жоспарлауға ыңғайлы жағдай туғызады", – дейді психолог.

Дегенмен, маманмен жұмыс істеу арқылы болашаққа деген алаңдаушылық пен қорқынышты жеңуге болады.

"Сіз болашақ өмірдің бағытын анықтай аласыз, бірақ өміріңіз үшін жауапкершілікті өз мойныңызға алуыңыз керек. Білікті психологтар ешқашан кеңес бермейді, олар қай бағытта жылжуға болатынын және одан қандай нәтиже шығатыны туралы кейбір нұсқаларды көрсете алады, бірақ адам өмірін қалай қалыптастыратыны жайлы таңдауды өзі жасайды. Ал көріпкелдердің, сиқыршылардың айтатын болашақтың нақты перспективасы кейде адамды тығырыққа тірейді.

Сәуегейліктің кемшіліктері – адамды өмірін үнемі сырттан басқаруға әдеттендіру. Көріпкелдікпен көбінесе адамдардың жай-күйін оқи алатын дүмшелер айналысады. Олар өздеріне жүгінген адамдармен қарым-қатынас барысында манипуляларын арттырады. Көп жағдайда көріпкелдерге жүгінетін адамдардың мәселелері ұқсас: сүйіктісі кетіп қалған, жұмыс жоқ, жақындарымен түсініспеушілік. Балгерлермен қарым-қатынас та дәл осындай қиын мәселелер негізінде орнайды. Олар өз кезегінде осы адамның мүмкіндіктерімен үйлеспейтін "жарқын" болашақты бейнелеп береді", – дейді Виктория Левина.

Сондай-ақ ол психологтың жұмыс барысында нумерологиямен, таро карталарымен байланыспауы керек екенін атап өтті. Айтуынша, тәжірибеде адамның бейсаналық ресурстарымен жұмыс істейтін метафоралық карталарды қолдануға ғана рұқсат етіледі.

"Психолог пен психотерапевт құралдарының ішінде адамның темпераментін, генетикалық шартталған психофизикалық жағдайын анықтауға көмектесетін белгілі бір тесттер бар. Солардың нәтижесінде адамның өмір сүруіне көмектесетін жеке тұлғаның кейбір бейімделу сәттері туралы ақпарат қалыптасады. Осы деректермен жұмыс істеуге болады, себебі ол шындыққа ие нақты тесттерге негізделген белгілі бір психотерапиялық тәжірибе. Бұл сәуегейлік емес, ғылыми фактілер", – деп қорытындылады психолог.

Жалпы осындай көріпкелдердің көмегіне жүгінемін деп опық жеген адамдар аз емес. Бұлыңғыр болашағыңды өзгертіп беремін деп, аңқау адамдардан бар жиған-тергенін сыпырып алатын алаяқтар жетерлік. Көбіне зейнеткерлер осы қаскөйлердің арбауына түсіп, қыруар қаражатынан айырылып жатады. Мұндай жағдайда қылмыс фактісін дәлелдеу де қиын, себебі жәбірленуші ақшаны алаяққа өз қолымен апарып береді. Ал көріпкелдердің қызметі заңмен реттелмейді.

Бұл тұрғыда құқығыңызды қорғаудың жалғыз жолы – көріпкелмен арадағы барлық хат-хабарды, әңгімелерді, ақша аударымдарын жазып, тіркеу. Ал ең дұрысы – көріпкелдерге мүлдем жүгінбеу. Себебі, балгер, көріпкелдерге жүгінудің психологиялық зардабын былай қойғанда, діни тұрғыда бұл – ең ауыр күнәлардың бірі.

Айдар Өрісбаев

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: