Ұлытау облысының бюджеті 28 пайызға өсті
Өңір басшысы облыстық бюджет салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту есебінен көбейгенін атап өтті.
"Алға қойылған міндеттерге қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – өңірдің қаржылық өзін-өзі қамтамасыз етуі. Бүгінгі таңда облыстық бюджет 144,5 млрд теңге болды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті", – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Бұл ретте әкім жыл басынан бері облыстың өз кірісі 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын баса айтты.
Сондай-ақ жыл басынан бері "Қазақмыс" компаниялары тобынан шоғырландырылған бюджетке түсетін түсімдер 116 млрд теңгеден асты, жыл бойынша түсім шамамен 140 млрд теңге болады деп болжанып отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, 2024 жылға арналған бюджет жобасы нысаналы трансферттерді (бағалау) ескере отырып,146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды, бұл ағымдағы жылға бастапқы бекітілген бюджеттен 1,3 есе артық.
"Әрине, республикалық ауқымда біздің халқымыздың саны көп емес, мысалы, біздің бюджетіміз еліміздегі ең аз бюджет және Қарағанды облысының бюджетінен 4 есе дерлік, Жетісу облысынан 3 есе және Абай облысынан 2 есеге аз. Бірақ, егер біз жан басына шаққандағыны алатын болсақ, онда көрсеткіштер негізінен жаман емес"Берік Әбдіғалиұлы
Бұған қоса брифинг барысында өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру 54%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 22%-ға, көлік пен сауда тиісінше 4%-ға өскені айтылды.