Семейде қазандықтарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты жымқырылған
Қаржылық мониторинг агентітгінің баспасөз қызметінің 24 қараша күнгі мәліметінше, агенттік қызметкерлері тексеру барысында Семейде 2022 жылы қазандықтарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.
1934 жылы пайдалануға беріліп, тозығы жеткен қалалық жылу орталығын жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Қыс мезгілінде Семейдің жылу желілерінде апаттар жиі болып тұрады, мамандардың айтуынша, жылыту маусымы барысында жылу берудегі ауытқулар орташа есеппен тәулігіне 3 рет тіркеледі. Жылу берудегі дәл осындай проблемалар Аягөз және Курчатов қалаларында да тіркелді.
Агенттік қызметкерлері жылу орталығын жөндеуге бөлінген қаржының ысырап болғанын анықтады.
"Заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни басқа біреудің мүлкін ұрлау деген күдік бойынша мердігер компанияның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде жылумен жабдықтаудың 14 объектісін тексеру басталды, оларға аталған компания 1,2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Агенттік қызметкерлерінің анықтауынша, 2022 жылы мердігер Шульбинск кентінде пайдаланылған құрылғыны жаңа құрылғы ретінде орнатқан. Сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілген соң мердігер құны 32 млн теңге болатын қазандықтың экономайзерін ауыстырып, іске қосты.
Агенттіктің араласуы нәтижесінде 1,3 мыңнан астам жылумен қамтылуға тиіс абоненттің құқығы қорғалып, жылу жүйесіне сегіз бюджеттік ұйым, төрт әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды.