Бельгияда кедейлердің саны артты
Ипотекалық несиесін төлей алмаған мыңдаған азаматтың баспанасын банктер тартып алып жатыр. Сондықтан соңғы кездері елде суицид факторлары көбейді дейді сарапшылар.
Ерлі-зайыпты Катрин мен Пьер ұлдары Николастан осы баспана дауының кесірінен айырылғандарын айтады.
4 жыл бұрын үшеуі бірдей жұмыстан қысқарып, ипотеканы төлеуден қалғанда банк пәтерді тартып алған. Осы оқиғадан бір апта өткен соң, "мен шарасызбын, кешіріңдер мені" деп бір тілім хат қалдырып, жалғыз ұлдары да бақилыққа аттаныпты. Содан бері мына театрдың маңы қос қарияның құтты мекені, деп жазады qazaqstan.tv.
"Ұлымыз тірі болғанда қазір осылай жүрмес едік. Өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ, күн көру керек. Мардымсыз зейнетақы баспана жалдамақ түгілі, күнделікті ыстық тамаққа да жетпейді." Пьер Викмайер, Брюссель қаласының тұрғыны
Қоғамдық ұйым өкілдері қазір қаланың қуыс-қуысын аралап, көшеде жатқан баспанасыздарға ыстық сорпа, азық-түлік таратып, көңілдерін көтеріп жүр. Еріктілерден құралған тағы бір топ жаны жаралыларға психологиялық, медициналық көмекті тегін көрсетуде.
"Кедейлердің саны артты. Көп адамда жұмыс жоқ, баспана жоқ. Медициналық көмек көрсетілмей, өліп кетіп жатқандар көп қазір. Жаппай қымбатшылық қажытып жіберді. Үкімет дағдарысты еңсеруге шұғыл шара қабылдауы керек." Натали Тиволи, Қоғамдық ұйымның жетекшісі
Еуропа статистика агенттігінің мәліметінше, Бельгияда бүгінде 2,5 млн адам, яғни, халықтың 20 пайызы кедейлік кебін киіп отыр. Дағдарыстың кесірінен үйсіз-күйсіз қалғандар полиция қызметкерлерінің талай қуғын-сүргініне ұшыраса да, Үкімет үйі, Парламент ғимаратының алдына жайғасуларын қояр емес. Себебі олар жоғарыдан бір көмек болар деп үміттенеді.