Талғарда әйгілі археолог Карл Байпақовтың құрметіне көше атауы берілді
Сурет: видеодан алынды
Алматы облысы Талғар қаласындағы көшелердің біріне әйгілі тарихшы, археолог Карл Байпақовтың есімі берілді. Салтанатты іс-шараға ғалымның жақындары, әріптестері мен шәкірттері қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Карл Байпақов Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты. Көрнекті ғалым Қазақстандағы алғашқы археология бойынша тарих ғылымдарының докторы атанды. Жұбайы Тамара Савельева да дәл осы салада көп жылдан бері еңбек етіп келеді, деп хабарлайды Astana.tv.
"Археологияны зерттеуге бар өмірін арнаған академиктің есімін ұлықтап жатқанына қуаныштымын. Ол 60жылдық еңбегін "Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық урбанизациясы" деп аталатын төрттомдық монографиясына енгізді. Сол үшін де Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Біз көп жыл бойы бірге қызмет еттік. Тіпті, балаларымызды да өзімізбен қазба жұмыстарына алып баратынбыз". Карл Байпақовтың жұбайы, тарихшы-археолог Тамара Савельева
Карл Молдахметұлының табанды еңбегінің нәтижесінде 2014 жылы Ұлы Жібек жолының бірінші бөлігі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ондағы 33 қаланың ішінде Талғар қаласы да бар.
"Ол кісі маған сабақ берді. Оның шәкірті болып табыламын. Қазақстан археология ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Талғар қаласының зерттелуіне ол кісі мұрындық болды. Зерттеу нәтижесінде Талғардың аумағынан, сыртынан, ішкі бөлігінен көптеген материалдар анықталды. Темір, металлдан жасалған бұйымдар, көмбелер көп шыққан болатын", - дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Ортағасыр археологиясы бөлімінің меңгерушісі Ералы Ақымбек.
Карл Байпақовтың есімі берілген қала шеңберіндегі көше ұзындығы - 6 шақырым.
"Мынау үлкен даңғыл "Бірлік-Ақбұлақ" трассасы деп аталады. Ол жерде түгел үйлер қамтылған. Талғар қаласының осы жылы бас жоспарына қосымша 700 гектарды қосқанбыз. Ол жерде де үлкен жолдар, даңғылдар беріледі. Және оның бәріне атау беру жұмыстарын жалғастыратын боламыз". Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков
Айта кетейік, соңғы бір жылда Талғар қаласында 436 көше атауы ауыстырылды.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript