Қытайда қазақстандықтар үшін бөлінетін білім гранттарын ұлғайту жоспарланып отыр
Кездесу барысында университетаралық серіктестікті дамыту, екі ел студенттерінің академиялық білім алмасуы, қос дипломдық және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, университет филиалдарын ашу сияқты ынтымақтастықты одан әрі дамыту сынды маңызды тақырыптар көтерілді. Сондай-ақ, Қытайдың Қазақстандағы жетекші университеттері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бірлескен қазақ-қытай ғылыми орталығын құру, жаңа Лу-Бан семинарларын ашу және қытай тілінде оқытушылар даярлау ісі нақтыланды.
Министр өз кезегінде қытайлық əріптесіне қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ, қос тарап кездесуде бірнеше ұсыныстарды талқылауға ортаға салды. Қазақстан азаматтарының ҚХР университеттерінде білім алуға деген жоғары қызығушылығын ескере отырып, екі елден студенттердің баламалы алмасуын 100-ден 150 орынға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ тіл үйрену курстарына бөлек орындар бөліп, ҚХР университеттерінде оқу мүмкіндігін кеңейту мəселесі айтылды. Қытай тарапы бұл ұсыныстарды қолдауға толық дайын екенін білдірді.
"Қытай мен Қазақстан тату көрші, біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түседі. Біз өз тарапымыздан қазақстандықтарға Қытайдың жетекші университеттерінде сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндікті беруге дайынбыз. Қазір біздің университеттер қазақстандық студенттерді бакалавр дәрежесіне қабылдайды, енді магистранттар мен докторанттарды дайындау жұмысын күшейтуді көздеп отырмыз", - деді Сун Яо.
Кездесу соңында министр университетаралық ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті. Екі жақ ынтымақтастықты нығайтуға және екі елдің жоғары білімін дамыту үшін болашақта аянбай күш біріктіруге дайын екендіктерін білдірді.