Тоқаев Санкт-Петербургтегі бірқатар мәдени нысанға барды
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді.
Сурет: akorda
ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсиясы "Павловск" мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы "Грек залы" амфитеатрында "Северная симфония" концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.
Сурет: akorda
Содан кейін мемлекеттер басшылары "Царское село" музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. "Царское село" сарай-саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнерді айшықтайтын ескерткіш. Орыс императорларының бұрынғы жазғы резиденциясы – Ресейдегі халық көп баратын музейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізігі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан.
Сурет: akorda
Президенттердің үшінші экскурсиясы "Петергоф" мемлекеттік музей-қорығының Үлкен Петергоф сарайында жалғасты
Делегация басшылары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, мүсін және кескіндеме өнерінің туындылары мен жиһаздар қойылған бірегей сәулет ескерткішін тамашалады.
Петергоф музей-қорығы 33 музейден, 414 гектар аумақты алып жатқан саябақтар мен бақтардан және 150-ден астам субұрқақтан тұрады. Сорғы станцияларының жоқтығы субұрқақ жүйесінің тарихи және мәдени ескерткіш ретіндегі бірегейлігі саналады. Инженерлік шешімнің арқасында су 300 жыл бұрынғыдай биіктік пен әртүрлі деңгейдегі субұрқақтар арасынан табиғи түрде құлай ағып жатыр. Сондықтан Петергоф субұрқақтары сәуірдің аяғынан қазан айының ортасына дейін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.