Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев 2024 жылдың негізгі міндеттерін жариялады

Тоқаев 2024 жылдың негізгі міндеттерін жариялады, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.01.2024 09:16 Сурет: Zakon.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында 2024 жылы еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, 2023 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойған.

"Стратегиялық мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, онда біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын шығарып, осы бағыттағы алдағы іс-қимылдардың тактикасын анықтаймыз. Ұлттық Құрылтай отырыстары идеологиялық саланың, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартудың өзекті мәселелерін талқылайтын пайдалы алаңға айналды. Дәстүр бойынша олар жазда өтті, бірақ биыл біз көктемде кездесуді өткізуіміз әбден мүмкін", - деді президент.

Осылайша, бірінші тоқсанда еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси және гуманитарлық салалардағы негізгі күн тәртібі қалыптасады, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз.

"2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді" - деді президент. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

"Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады", -деді мемлекет басшысы. 

Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

"Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек", - деді президент.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: