Алматыда баспананы қалай таңдау керек: ескі үйлер жаңаларға қарағанда қауіпсіз бе
Қазақстан үшін сабақ алатын жағдай
Сол кезде қайғылы оқиғаға талдау жасаған әртүрлі саланың сарапшылары бірінші кезекте сейсмикалық белсенділікке төтеп бере алмаған ғимараттарды сынға алды. Сондай-ақ Нью-Йорктегі қазақстандық саясаттанушы Диас Ахметбеков құрылыс саласындағы жемқорлықтың үлкен кесірі тигенін атап өтті.
"Өкінішке орай, бұл осы аймақтағы алғашқы жойқын зілзала емес. Мысалы, 1999 жылғы тамызда Ыстамбұл маңында Измиттік жер сілкінісі болды, онда ресми мәліметтер бойынша 17 мыңнан астам адам қаза тапқан. Кейіннен құрбандар санының көп болуына құрылыс саласында сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюы және биліктің табиғи апаттарға дайын еместігі себеп болғаны анықталды. Атап айтқанда, мердігерлер арзан құрылыс материалдарын жиі қолданған, ал пара алған шенеуніктер құрылыс нормаларын қатаң сақтамаған.
2002 жылы билікке келген Ердоғанның кезінде жағдай жақсара бастады: көптеген тұрғын үйлер нығайтылды немесе қалпына келтірілді. Ал Ердоған партиясы бір кездері тығыз байланыс орнатқан Еуроодақтың көмегімен еуропалық құрылыс нормаларына сәйкес жаңа қоғамдық ғимараттар салынды.
Алайда, авторитаризм күшейген сайын табиғи апаттарға қарсы әрекет ету жүйесі биліктің басым бағыты болудан қалды: Түркиядағы қала құрылысы жүйесін сынаушылар түрмеге жабылды, ірі тендерлерді үнемі Ердоған айналасындағы кәсіпкерлер жеңіп жатты, ал 2018 жылғы сайлауға сайлаушыларды тарту үшін 13 миллион заңсыз салынған нысанды заңды түрде рәсімдеуге мүмкіндік беретін аймақтық рақымшылық жасалды. Қанша дегенмен, фактілер өтірік алдамайды және қазіргі уақытта ол қарапайым шындықты көрсетті: табиғи апатқа қарағанда, сыбайлас жемқорлық көп адам өлтіреді", – деді Диас Ахметбеков.
Сыбайлас жемқорлық және техникалық қадағалаудың салғырттығы
Қазақстанда құрылыс кезіндегі бұзушылықтарға келетін болсақ, жобалар кезеңінде көптеген болашақ ғимараттар берік болып көрінуі мүмкін. Құрылыс инженері Тимур Саурамбеков сейсмикалық белсенді аймақта құрылыс процесінде құрылыс нормалары мен ережелері қатаң сақталатын болса, үйлер ең жойқын жер сілкінісіне төтеп бере алатынына сенімді. Ол көптеген жылдар бойы Ресейдегі ең жоғары индексі бар (9 балл) сейсмикалық тәуекел аймағында тұрған Сочи қаласының құрылысына қатысты, ал қазір Алматыда жобалар бойынша бас инженер болып жұмыс істейді.
"Құрылыс нормалары мен ережелерінде жоғары сейсмикалық аймақта қандай беріктік деңгейі болу керектігі жазылған. Әрине, 10-15% беріктік деңгейі бірден тағайындалады, – деп түсіндіреді Тимур. – Яғни, әдеттегі құрылыс кезінде, мысалы, диаметрі 10 мм арматура салуға болады, ал сейсмикалық ауданда құрылыс кезінде – жоғары сапалы 12-14 мм. Бетон да солай.
Сейсмикалық аудандарда ғимарат салу талаптары үнемі артып отырады. Бірақ, өкінішке орай, барлық құрылысшылар жауапкершілікті сезінбейді. Ең дұрысы, үйлер жобада көрсетілгендей салынуы керек. Техникалық қадағалау мен сараптама сатылмауы тиіс. Іс жүзінде посткеңестік елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі өте жоғары. Сондай-ақ техникалық қадағалау да ақсап тұр.
Құрылыс салушыда атқарушылық құжаттама сақталады. Бірақ барлығына қол қойылып, қандай материалдар қолданылғаны көрсетілсе де, расында солай жасалғаны анық емес. Тек қайта ашу жұмыстары және тәуелсіз сараптама ғана бетонның маркасын, қандай арматура қолданылғанын растай алады. Сырттай тексеру мүмкін емес", – дейді инженер.
Оның айтуынша, тұрғын үйді сатып алу және жалға алу алдында құрылыс салушыларды тексеру қажет. Сатып алушы немесе жалға алушы құрылысқа рұқсат беру құжаттамасымен танысып, кем дегенде оның барына көз жеткізуі керек.
Тұрғын үйді таңдағанда неге көңіл бөлу керек?
2009 жылы ҚазҚСҒЗИ және Алматы әкімдігі Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қамқорлығымен жер сілкінісі тәуекелдерін талдау нәтижелерімен құжат дайындады. Есепте: Республиканың сейсмикалық аудандарында, оның ішінде Алматыда ғимараттар мен нысандарды салу кезінде "олардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар талаптарынан ауытқудың көптеген фактілері орын алады" делінген.
Сурет: КЖА
Негізінен антисейсмикалық талаптарды ескермей, жеке тұрғын үйлер салынады. Осы құжатта көрсетілген көппәтерлі ғимараттарды тексеру 1930-1990 жылдар аралығында салынған 160 зерттелген үйдің 69-ы сейсмикалық емес немесе сейсмикалық қауіпті санатқа енгенін көрсетті.
Сейсмикалық төзімді ғимараттарға негізінен ірі панельді ғимараттар мен монолитті темірбетон қаңқасы бар ғимараттар жатады; сейсмикалық қауіпсіз ғимараттарға кірпіштен және монолитті темірбетон жабынымен жасалған көтергіш қабырғалары бар үйлер жатады. Сыртқы көтергіш қабырғалары мен ішкі жақтауы бар, сондай-ақ саманнан немесе кірпіштен жасалған көтергіш қабырғалары бар ғимараттар сейсмикалық емес болып саналады. Жер сілкінісі кезінде ең қауіптісі – бірінші иілгіш қабаты бар көпқабатты үйлер.
Осылайша, егер құрылыс кезеңінде барлық технологиялар сақталса, онда панельдік үй ең қауіпсіз үйлердің бірі болып табылады. Мұны Қайраққұм (1986 ж.) және Спитак (1988 ж.) сияқты жойқын жер сілкіністері кезінде ірі панельді ғимараттардың тұрғындары арасында қаза тапқандар немесе ауыр жарақат алғандар болмағаны, ал ғимараттардың өздері одан әрі пайдалануға әбден жарамды болуы айқын дәлелдейді.
Үйлерімізді салатын адамдарға сенуге бола ма?
Бір қызығы, ҚазҚСҒЗИ тізімінде 1960 жылдан ескілері арасынан берік үй табу қиын. Ал қала тұрғындары арасында ескі үйлер жаңаларға қарағанда қауіпсіз деген пікір бар, өйткені жер сілкінісіне төзімді құрылыстың мысалдарын тіпті қала құрылысының бастауынан да көруге болады. 1911 жылғы 10 балдық Кемин жер сілкінісі кезінде Шахворостовтың, ақсақал Сейдаллиннің, құрметті азамат Головизиннің XIX-ХХ ғасырлар тоғысында салынған үйлері, 1907 және 1908 жылдары ашылған Әулие Вознесенский және Әулие Николай соборлары, Верный ерлер гимназиясының интернаты (қазір Бегалин атындағы кітапхана); офицерлер клубы (қазір халық аспаптар мұражайы) және басқа ғимараттар төтеп берді.
1954 жылғы ақпанда "Алма-атинская правда" газетінде жарияланған жазба қолымызға түсі. Онда Алматының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының аға инженер-нұсқаушысы А. Курков "сейсмикалық аймақтағы құрылыс жағдайлары туралы түсінігі жоқ адамдар көбінесе прорабтар болып тағайындалады", деп қынжылады. Міне, содан бері 70 жыл өтсе де, "біздің үйлерді салатын адамдарға сенуге бола ма" деген сұрақ бізді де мазалайтыны жасырын емес.